Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Алмас Шахимовтың жұмбақ өліміне қатысты сот әлі жалғасуда. Екі ай бұрын әскерге аттанған ұлының қалай қаза тапқанын анықтау үшін анасы Индира Туғанбаева күресті тоқтатпайтынын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі айдан соң табытпен оралған сарбаз
2003 жылы туған Алмас Шахимов әскери қызметке 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы, Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы шақырылған. Ол Алматыдағы 5574 әскери бөлімінде борышын өтеуі тиіс еді.
Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылғы 10 тамызда оқу орталығында далалық дайындық кезінде қатты желден шатыр құлап, оның темір жақтауы сарбаздың басына соғылған. Әскери бөлімнің хабарламасында Алмастың әріптестерін қауіпсіз жерге шығаруға көмектесіп жүріп жарақат алғаны, жедел жеткізілген Қонаев қалалық ауруханасында көз жұмғаны айтылған. Әскерилер оның қаза табуын “жанқиярлық әрекет” деп сипаттады.
Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы мүлде басқа жағдайды көрсеткен - оның денесіндегі жарақаттар кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдеген.
"Үш минутта дауылмен адам бұлай жарақат алмайды"
Анасының айтуынша, Алмастың денесінде 26 жарақат болған, арқасы темекімен күйдірілген, үш жерден пышақ іздері табылған, қылқындыру белгілері де бар.
“Шабыттанып кеткен балам екі айдан соң табытта келді. Мұны қалай дауылдан өлді деп түсіндіруге болады? Бір рет құлаған шатыр мұндай із қалдырмайды. Ешқандай дауыл болмаған. Ұлымды сағаттап қорлап өлтірген. Бір жарым жылдан кейін қайта қазып алғанда мойын сүйегінің сынғанын анықтадық. Эксперттің бірі тіпті сүйекті ұрлап әкеткен. Баламның киімдерін де жоғалтқан”, – дейді ол.
Командирге небәрі бір жыл жаза ұсынылған
Ата-анасы сотқа қатыспай қойған. Себебі іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы (қызметке салғырт қарау) бойынша өтіп, айыпталушы – Шахимовтың тікелей командирі Дәурен Байызбековке ең көбі 1 жыл жаза қарастырылып отыр.
“Біз бұл баппен келіспейміз. Ұлымды ұрып өлтіріп, кейін ‘шатыр құлады’ деп хабарлады. Командирдің өзі сарбаздар мені дауыл болды деп қорғап жатыр дейді. Бір куәгер бар еді, ол шетелге қашып кетті. Соның тергелуін талап еттім. Тергеу қайта басталды”, – дейді Индира Туғанбаева.
Түрмедегі “ережесіз жекпе-жекке апару” нұсқасы
Анасының айтуынша, бірнеше адам Алмастың түрмеге апарылып, ережесіз төбелес кезінде қаза болуы мүмкін екенін айтқан.
Офицерлердің қатігездігі туралы да мәлімет түскенін жеткізеді.
“Оспанбеков пен Шайқамалов деген офицерлерді қатігез деп айтты. Бірнеше адам олардың ісіне шыдамай жұмыстан кеткен. Кейін баламмен бірге қызмет еткен сарбаз жолығып: ‘Ешқандай дауыл болмады, баланы түрмеге апарып өлтірді’ деді. Тағы бір сарбаз әжеме де соны жазған”, – дейді ол.
Ресми органдарға сын
Анасы Бас прокуратурадан да нәтиже көрмегенін, дәлелдердің жоғалуына жол берілгенін айтады.
“Менің ісімді үш рет жапқан. Егер шындық ашылса, офицер, полковник, генералдардың басы кетеді. Сондықтан жылы жауып тастауға тырысып отыр деп ойлаймын. Қорғаныс министрлігі қабылдамай қойды. Бізді несиеңді жауып береміз деп алдарқатты. Бізге жеңілдік емес, ақиқат керек”, – дейді ол.
Қорғаныс министрінің жауабы
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскердегі әлімжеттік барын жоққа шығарды. Тіпті журналистердің сұрағына күліп жауап берді.
“Қазір ондай жағдай жоқ. Егер зорлық-зомбылық болса, дәлел көрсетіңіздер. Камера орнатамыз, пресс-тур жасаймыз. Әскер - қоғамның бір бөлігі, жастар арасында түсініспеушілік болуы мүмкін. Біз тәртіпті қадағалап отырмыз”, – деді министр.
