Пресс-турға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен қала ақсақалдары қатысты.
«Жасыл белдеу» аймағын алғашында 7 700 гектарға құру жоспарланса, қазір ол меже 13 629 гектарға жетіп, аталған аймақта көшеттер күтіп-бапталуда. Пресс тур барысында қала тұрғындарына шаһар айналасындағы жасыл аймақ пен болашақ демалыс орындарының сызбасы таныстырылды.
Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Арық-атыздар қалпына келтіріліп, жасыл желек көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артқан.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген.
Арнайы шара барысында қала ішіндегі желілік саябақтардан бөлек, Шойтөбе подстанциясы мен Кентау тас жолы бойындағы «Жасыл белдеу» аймағындағы көшеттердің өнімділігі көрсетілді. Сонымен қатар, пресс тур аясында тұрғындар мен журналистер жуырда толық пайдалануға берілетін «Шаға» жағажай су айдыны мен «Ескек есу» каналымен танысты.