Жасанды интеллект әкімдердің мәселесін шешуге көмектесе ме?

Қаракөз Амантай 24 жел. 2024 14:57 471

Қазақстанда әкімдерге өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсету үшін жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын енгізу жоспарланып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Informburo.kz мәліметінше, бұл бастама “Отбасының цифрлық картасы” жобасы аясында жүзеге асырылмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл бағдарламаға қазірдің өзінде 6 миллионнан астам отбасының деректері енгізілген.

“Азаматтардың өтініштері мен ақпараттары ауқымды деректер базасына біріктіріледі. Осы деректер негізінде жасанды интеллект өңірлердегі әлеуметтік мәселелер бойынша талдау жасап, шешу жолдарын ұсына алады”, – делінген хабарламада.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге ЖИ қолдану жөнінде ұсыныстар берді.

“Өзекті ақпараттарды апта сайын автоматты түрде жіберіп отыру қажет. Әр әкім жұмыс орнында отырып, өз өңіріндегі мәселелерді көріп, талдай алуы тиіс. Бұл ЖИ-дің нақты пайдасы – қолмен жасалған талдау көп уақыт пен ресурс талап етеді, ал ЖИ оны жылдам орындайды. Оны “интеллект” деп атайды, бұл да “адам” секілді, тек жылдам жұмыс істейді”, – деп атап өтті Бектенов.

Айта кетейік, биыл ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ЖИ дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Шілде айында Қазақстан үкіметі жасанды интеллект технологиясын экономиканың түрлі салаларына енгізу жөнінде стратегиялық құжат қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ді 14%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар үкімет ЖИ-ді енгізудің басым секторларын анықтады. Олар:

• Мемлекеттік басқару;

• Мұнай-газ, тау-кен, энергетика, көлік және логистика салаларындағы табиғи монополия субъектілері;

• Су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар