Жас отбасы мемлекет қолдауына арқа сүйейді

Dalanews 22 мау. 2016 06:58 1763

Ежелгі заманнан бері отбасыны Отан тәрізді ұлы құндылықтармен қатар қойып, әлеуметтік ұйысу мен ұрпақ жалғастырудың ұлағатты ұясына балаған халқымыз үшін шаңырақ қай заманда да киелі ұғым, қастерлі түсінік саналған. Сондықтан, бүгін әлемдік деңгейде отбасының әлеуметтік феномен ретіндегі мәнінің керағар сипат ала бастауы, Қазақстандық отбасының құндылықтық бағдарының өзгерістерге ұшырауы қоғамды алаңдататын құбылыстардың бірі болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Қазақстанда отбасы әрқашан әлеуметтің аса маңызды құраушы элементі ретінде қарастырылып келеді. Ол қоғам болмысының, мемлекеттің негізі, адалдық, адамгершілік және рухани үйлесім жүйесіндегі маңызды буын болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Бұған куә ретінде Үкімет бастауымен жүзеге асырылып жатқан отбасы құндылығын дәріптеуге және оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған бірнеше іс-шараларды айтуға болады.

Заманауи отбасы әлеуметтік-саяси жағдайлардың және отбасы мүшелерінің өзара психологиялық қарым-қатынастарының күрделенуі негізінде әрқашан өзгермелі болып келеді. Еліміздегі ерекше қолдау мен әлеуметтік көмекке зәру отбасылардың  қатарына бірінші кезекте жас отбасы шығады. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек – бұл мемлекетіміздің әлеуметтік саясатындағы маңызды аспектісі болып табылады.

Жас отбасыларға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы заннамасымен бекітілген орталық және жергілікті мемлекеттік органдар салалық және аймақтық бағдарламаларды әзірлеп жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда жас отбасыларды қолдау, сонымен қатар жанұяны сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан келесідей шаралар жүргізілуде:

- «Өңірлерді дамытудың 2020» бағдарламасында «Жас отбасыларға арналған тұрғын-үй» бағыты;

-         «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларында жастарды жұмыспен қамтамасыз ету жолдары;

-         ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңымен жас отбасыларға жеңілдікпен несие алу мүмкіндігі;

-         Бала күтімі бойынша отбасылы студенттерге академиялық демалыс беру;

-         Жас отбасыларға отбасы өмірінің проблемалары, жүктілікті жоспарлау, бала күту мәселелері бойынша әлеуметтік-педагогикалық кеңес беру;

-         Бала мен анаға мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек көрсету;

-         Жас отбасы мәселелерімен айналысатын және әлеуметтік қызмет көрсететін кеңес беру орталықтарының дамуы;

-         Балалар мен отбасылардың бос уақытын ұйымдастыру мен салауатты өмір сүруге бағытталған ұйымдардың жылдан-жылға ұлғаюы;

-         Баспанаға мұқтаж жанұялы студенттерге жатақханадан отбасылық үлгідегі бөлме бөлу;

-         Мектепке дейінгі ұйымдардың дамуы;

-         Мемлекеттік құндылықтарды құрметтеу мен негізгі идеяларды дәріптеуге бағытталған жас отбасылар арасында шаралалар мен байқаулар өткізу (әр жылдың 8 қыркүйегі – Отбасы күні, «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы).

Осылайша қазіргі кезеңде мемлекет үшін жас отбасыларға қолдау мен көмек көрсету жұмыстары алдыңғы кезекте тұрғаны байқалады. Себебі отбасы мыңжылыдықтар мен ғасырлардан бері әрбір қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан моральдық салттын, ұлттық дәстүрін сақтаушысы болып табылады. Ал жас отбасы болса дәстүрлі құндылықтарды дәріптейтін, патриотизм сезімдерін нығайтатын, Отанның өркендеуіне деген мәңгілік қамқорлықты қамтамасыз ететін басты қайнар көз.

 

Фарида МҰСАТАЕВА, гуманитарлық ғылымдардың магистрі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар