Қазақстанда жекеменшік кредиторға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол алты жыл ішінде ондаған азаматқа жарты миллиард теңгеден астам сомада заңсыз қарыз берген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Агенттіктің мәліметінше, күдіктіде ресми лицензия болмағанымен, ол әлеуметтік желілер мен танымал хабарландыру сервисі арқылы белсенді түрде қарыз беріп отырған. Қылмыстық істі Қостанай облысы бойынша агенттіктің департаменті жүргізіп жатыр.
"Заңсыз әрекеттерді жасыру үшін оларды заңды мәміле түрінде рәсімдеген. Құжаттарда нақты берілген сомадан әлдеқайда көп мөлшер көрсетілген, себебі оның ішіне алдын ала есептелген 100 пайызға дейінгі сыйақы қосылған. Қарызды қайтару кепілі ретінде қарыз алушылардың мүлкі кепілге алынған. Осы тәсілмен күдікті жалпы сомасы 556 млн теңгеден асатын 72 мәміле жасаған", – деп хабарлады агенттік.
Зардап шеккендердің бірі – Рудный қаласының тұрғыны, емделуге ақша қажет болған егде жастағы әйел. Ақшаны қайтару үшін кейуана өзінің пәтерін кепілге қоюға мәжбүр болған.
"Зейнеткер 13,2 млн теңге алды деген келісіммен ай сайын 600 мың теңгеден екі жыл бойы төлеуі тиіс болған. Алайда шын мәнінде қолына небәрі 6 млн теңге ғана тиген. Ал қалған 7,2 миллионы – алдын ала есептелген сыйақы. Мұндай ауыр шарттар азаматтар үшін мүлде қолжетімсіз және олар өз мүлкінен айырылу қаупіне душар болады", – деді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Соттың санкциясымен күдіктінің алты зәулім үйі мен үш көлігі тәркіленді. Арест қойылған мүліктің жалпы құны 150 млн теңгеден асты.