Орал маңында болған ауыр жол апатынан төрт баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған 47 жастағы Роман Бондарь қаза тапты. Оның жұбайы былтыр қайтыс болған, деп хабарлайды "Мой город".
Қайғылы жағдай 27 шілдеде Деркөл кенті маңындағы айналма жолда болған. Апатқа үш көлік қатысқан.
Полицияның алдын ала мәліметінше, Lada Granta жүргізушісі жол ережесін бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Салдарынан ол Volkswagen Golf көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Кейін сол бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы Volkswagen көлігінің артқы бөлігіне соғылған.
Volkswagen жүргізушісі Роман Бондарь алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Төрт бала ата-анасыз қалды
Марқұм жұбайы қайтыс болғаннан кейін төрт қызын жалғыз тәрбиелеп келген. Оның әйелі Ольга былтыр қарашада тамақ ішіп отырғанда тұншығып, қайтыс болған.
Балалардың кенжесі тоғыз жаста. Жақындарының айтуынша, Роман отбасын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеген.
Отбасының туысы Светлана Витенбек апат болған күні Романның Деркөлден қалаға қарай келе жатқанын айтты. Ол түскі үзілісте үйіне кіріп, жұмыс орнына қайта бет алған.
Туысының сөзінше, қарсы бағыттан шыққан көлік Романның автомобиліне тура келіп соғылған. Жедел жәрдем қызметкерлері оның өмірін сақтап қалуға әрекет жасағанымен, алған жарақаттары тым ауыр болған.
«Ол басынан қатты жарақат алып, кеудесімен рульге соғылған. Қауіпсіздік жастығы ашылғанымен, оны аман алып қала алмады. Енді төрт бала жетім қалды», – деді Светлана Витенбек.
Үлкен қызы сіңлілерін қамқорлығына алмақ
Отбасының 22 жастағы үлкен қызы Злата үш сіңлісін өз қамқорлығына алу үшін құжат жинауды бастаған.
Туыстарының айтуынша, тоғыз жастағы кенже қызға әкесінің қаза болғаны әлі айтылмаған.
Марқұмның жақындары апатқа себепкер болды деген жүргізушінің мас күйде болғанын мәлімдеді. Олар істің әділ тергеліп, кінәлі адам заңға сәйкес жауапқа тартылғанын қалайды.
Ал сараптама Роман Бондардың ішімдік ішпегенін көрсеткен.
Lada жүргізушісі қамауға алынды
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Lada Granta жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп, сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Олардың қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Роман Бондарь 30 шілдеде жерленді.