“Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасының жағдайы мүшкіл”. Депутат Бектеновке сауал жолдады

Қаракөз Амантай 26 ақп. 2025 15:40 276

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан Ибрагим Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернаттың қазіргі мүшкіл жағдайын көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасы қиын жағдайда

Халық қалаулысының айтуынша, бұл мектеп Алматы қаласындағы алғашқы қазақ мектептерінің бірі саналады. Ол бастапқыда дарынды балалардың, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беру үшін салынған.

Алайда бүгінде білім ошағының жағдайы сын көтермейді. Соңғы жиырма жылдан астам уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген, мектеп әбден ескіріп, оқушылар мен мұғалімдерге қолайсыздық тудырып отыр.

“350 оқушыға арналған мектепте бүгінде бала саны екі есеге қысқарып, 176 оқушы білім алуда. Алайда олар спорт залда ұйықтап, оқу сыныптарында тамақтануға мәжбүр,” – деді депутат.

Миллиондар бөлінді, бірақ құрылыс аяқсыз қалды

Мектепті жөндеуге үш жыл бұрын 503 миллион теңге бөлінген, мемлекеттік сатып алу конкурсында “ГрадСтройСервис” ЖШС жеңіске жеткен. Жоспар бойынша құрылыс төрт ай ішінде аяқталуы тиіс болған. Алайда мердігер өз міндетін орындамаған.

“Осыған жауапты мекемелер қайда қарап отыр?! ХХІ ғасырда, Алматының ортасындағы мектептің мұндай жағдайға түсуі қалай мүмкін?!” – деп мәселені көтерді депутат.

Мектепті Қонаев қаласына көшіру жоспары бар, бірақ қоғам қарсы

Қазір мектепті Алматыдан Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда бұл шешімге мектеп түлектері, мұғалімдер және ата-аналар түбегейлі қарсы.

“Бұл – шалғай ауылдардан келген балаларға үлкен қалада, зиялы ортада білім алуға берілген мүмкіндікті тартып алу,” – деді депутат.

Данияр Қасқарауов сондай-ақ, мектептің жеріне қатысты алаңдаушылық бар екенін айтты. Бұған дейін Алматыдағы №2 мектеп-интернаттың жері алынып, орнына тұрғын үйлер салынған. Осыған байланысты №4 мектеп-интернат та дәл сондай тағдырға ұшырай ма деген қауіп бар.

Депутат Үкіметке қандай шаралар қабылдауды ұсынды?

Қасқарауов Премьер-министрден мына мәселелерді шешуді сұрады:
1. Мектепті жөндеуді аяқтамай, мемлекет қаржысын ысырап еткен компания басшыларын және жауапты тұлғаларды жауапқа тарту.
2. №4 мектеп-интернатты шұғыл түрде күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылына пайдалануға беру.
3. Мектепті басқа жерге көшіру бастамаларын түбегейлі тоқтату.

Депутат бұл мәселені жіті бақылауда ұстайтынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар