Жақып Асанов іздеуде жүрген экс-кеңесшісіне қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 23 мау. 2025 13:10

Жоғарғы соттың экс-төрағасы Жақып Асанов іздеуде жүрген бұрынғы кеңесшісі Қарлығаш Тәткееваға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.Aqsha телеграм арнасына сілтеме жасап.

Асановтың айтуынша, экс-кеңесшісі Жоғарғы сотқа қалалық соттан іссапармен жіберілген. Ол кезде Тәткеева қызметтегі судья болған.

“Оның іздеуде жүргенін баспасөз қызметі арқылы ғана естідім. Жоғарғы сотта төрт хатшылық бар, онда шамамен жиырмаға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығын шартты түрде кеңесші деуге болады. Себебі негізгі міндеттері – сот істерімен танысып, сол бойынша пікір білдіру. Алайда сот төрағасы ретінде мен тікелей тек хатшылықтың меңгерушісі мен оның орынбасарымен жұмыс істедім. Сол себепті Қарлығаш Тәткеева туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Онымен жеке қызметтік қарым-қатынасым болмаған”, – деді Жақып Асанов.

Nege.Aqsha дереккөзінің мәліметінше, Тәткеева алаяқтық ісіне байланысты тергеу аясында күдікке ілінген. Нақтырақ айтқанда, ол 500 мың АҚШ долларына сот дауын шешіп беремін деп уәде берген көрінеді. Алайда уәдесін орындай алмаған соң, ақшаны делдалдар арқылы қайтарған. Бірақ делдалдар қаражаттың бір бөлігін ғана иесіне жеткізген деседі. Осыған байланысты жәбірленуші полицияға арыз жазған. Бұны естіген Тәткеева ізін суытқан. Аталған ақпарат ресми түрде расталмаған.

Айта кетейік, бұған дейін экс-судья Қарлығаш Тәткееваға іздеу жарияланғаны туралы жазған едік.

Ресми мәліметке сәйкес, Қарлығаш Құрмашқызы Тәткеева 2025 жылдың 20 маусымынан бері іздеуде. Іс Қарағанды облысында тіркелген. Іздеу жұмыстарын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіжүргізіп жатыр. Бұл дерек құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған.

Тәткеева Жоғарғы Сотты Жақып Асанов басқарған кезеңде азаматтық істер бойынша төрағаның кеңесшісі қызметін атқарған. Сонымен қатар ол әр жылдары Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында және Астана қаласының сотында судья болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар