Жақын болашақта Түлкібасқа жылына 20 мың турист келетін болады

Dalanews 06 қар. 2018 15:19 925

Түлкібас ауданы – туризмді дамытуға таптырмайтын өлке. Өткен жылы 12 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 7 пайызы шетел азаматтары.

2025 жылға дейін жыл сайынғы туристер санын 20 мыңнан асыру   жоспарлануда. Бұл мақсатта бірнеше жобалар жүзеге асатын болады. Әуелгісі, жалпы құны 347 миллион теңгені құрайтын «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы салынбақ. Сыйымдылығы 100 орындық орталықта 50 жұмыс орны ашылып, осы нысан арқылы 2000 турист қамтылмақ.

Сондай-ақ, «Саумалмен емдеу орталығын» ашу жоспарда бар.

Үшінші туристік жоба – Ақсу өзені шатқалында табиғатты тамашалау алаңы құрылады. Бұл Иірсу елді мекеніне 8 шақырым жерде теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан жер.

Жобаларды 2019 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Батыс Қытай-Батыс Еуропа жол дәлізінің бойында арнайы сервистік орталықтарды құру көзделіп отыр. Бұл да өлкенің туристік әлеуетін арттыра түсетін жоба болып табылады.

Алдағы уақытта көркіне көрік қосар, тоғыз жолдың торабында орын тепкен,  инфрақұрылымы дамыған, еліміздің түкпір-түкпірінен саяхаттап, демалуға келетін ең таңдаулы тартымды аймақ болатыны сенім зор.

Жер жәннаты аталып кеткен Түлкібас мекені, іргесінде аты аңызға айналған Ақсу-Жабағылы қорығы, тарихи санада жаңғырып жатқан қасиетті де киелі орындардың көптігі, жүздеген өзен-бастаулардың басы болған Түлкібас келешекте бұдан да биік тұғырдан көрініп, алға қадам басатын мүмкіндігі зор.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар