Орталықтың жұмысы бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылуда. «Жанұя» мамандары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік бағдарламалар туралы ақпараттандырады, қажетті құжаттарды дайындауға көмектеседі. Сондай-ақ заңгерлік және психологиялық кеңес, оңалту көмегін және басқа да қызмет түрлерін ұсынады.
– «Жанұя» аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік орталық Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бастамасымен құрылған. Орталықты құрудағы мақсатымыз Талдықорған қаласында тұратын әлеуметтік әлсіз отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін жеке уәждемесін нығайту болып табылады, – дейді Алматы облыстық әйелдерді қолдау орталығының президенті Жанар Нұрмұханова.
Бүгінгі таңда «Жанұя» орталығы балалы отбасыларды жеке-бағдарлы сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Бұған психологиялық-білім беру, құқықтық, әлеуметтік-медициналық, еңбек және мәдени сипаттағы іс-шаралар кіреді.
«Жанұя» аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік орталықтың өкілі Мадина Белгібаеваның айтуынша, көп балалы аналар мұнда тігін ісі, бет әрлеу, компьютерлік сауаттылық және аспаздық бойынша оқыту курстарынан өтеді.
Осы кезеңде орталыққа 2000-нан астам отбасы көмек сұрады. Оның 175-іне психологиялық көмек көрсетілсе, 190 отбасыға «Жанұя» орталығының заңгерлік қызметі көрсетілді.