– Терапия бөлімінің құрылысын салу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдадық. Бүгінгі күні Жаңаөзендегі халық санының өсуіне байланысты биыл 3 қабатты ғимараттың құрылысы басталады. Енді терапия, кардиология, неврология, гинекология бөлімшелерінен құралған кең көлемдегі орталық бір жерге орналасатын болады, – деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана басшысы Серік Асқаров.
Сонымен қатар өткен жылы көпбейінді аурухана жанынан кардиоорталық өз жұмысын бастады. Медициналық құрал-жабдықпен толық қамтылған орталықта коронарография, ми тамырларын стендтеу, жатыр мойынының эмбализациясы секілді 500 түрлі ота жасалды. Алдағы уақытта отаның жаңа түрлерін енгізу жоспарланып жатыр.
– Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаласынан келген дәрігерлер, жаңаөзендіктерге отаны тегін жасайды. Жоспарлы емдеуге жатқызу порталы арқылы барлық аудандар, қалалар, облыстар жіберуге мүмкіндік бар, – С. Асқаров.
Өткен жылы Жаңаөзенде полимеразды тізбекті реакция анықтайтын зертхана ашылды. Біліктілігін арттыру курсынан өткен мамандар, күніне 200-ге жуық зерттеулерді анықтайды. Мұндағы 5 қызметкер осы күнге дейін 3 мыңдай тұрғынға қызмет көрсеткен. Тест қорытындысы 3 сағатта дайын болады.
– Айта кету керек, қауіпті індет кезінде жаңаөзендіктер ПТР-тест тапсыру үшін Ақтау қаласына барды. Аймақ әкімдігі және демеушілердің қолдауымен қалалық аурухана іргесінен ашылған зертхана жаңаөзендіктерге қызмет көрсетіп жатыр. «ӨзенМұнайГаз» АҚ қолдауымен барлық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ПЦР анықтайтын құрал-жабдықпен толықтай жабдықталды, – деді ол.
Бұдан бөлек мемлекеттік-жеке серіктестік жобасы аясында 2018 жылы сәуір айында гемодиализ орталығы ашылды. Орталық созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің бесінші сатысындағы науқастарға қызмет етеді. Орталықта 7 гемодиализ аппараты бар. 2018 жылы 15, 2019 жылы 19, 2020 жылы 21, жыл бассынан бері 25 науқас ем алды. Қазіргі таңда орталықта жоғарғы санатты 3 дәрігер, 3 медбике, 1 жүргізуші жұмыс істейді.