Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Астана қаласында тұңғыш рет І республикалық имамдар форумы өтті. Дін қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің басын босқан бұл басқосу тағылымды тарихымыздан орын алып, ұрпақ үшін ұлағат болады деген сенімдеміз.
Имамдар форумының маңызды тұсы мен мазмұнды сәті – тәлімдік құжаттардың қабылдануы. Діні мен дәстүрін сан ғасырдан бері сақтаған, мұсылманшылығы мығым болған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы сіз бен біздің руханиятымыздың бағдаршамы іспетті, негізгі құжатымыздың бірегейі – Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы.
Он үш бөлімнен тұратын осы құжатта негізгі діни ұстанымдар қатарында ең әуелі сенім мәселесін айқындадық. Төл мәзһабымыз, дәстүрлі жолымыз Әбу Ханифа мәзһабына қатысты көзқарасы мен ұстанымы Тұғырнамамыздың бірінші бөлімінде нық айтылған.
Біз тәуелсіздік жылдарында сындарлы сәттерді бастан өткеріп келеміз. Қазір қадамымыз – нық, бағытымыз – белгілі, діни саладағы жолымыз – айқын, тәжірибеміз мол. Жат ағымдарға төтеп берер күшіміз бен біліктілігіміз жеткілікті. Тек тәуекелге бел буып, имандылық жолында табандылық танытуымыз тиіс.
Біз – зайырлы елміз. Ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі. Осынау игілікке шүкір етіп, өзге де дін өкілдерінің сеніміне де құрметпен қарау – мұсылмандығымыздың белгісі.
«Ислам және зайырлы қоғам» деп аталатын екінші бөлім халқымызды тағаттылық жолын таңдауға, бірлігімізге бекем болуға үндейді.
Бұл – Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы үшін діні мен ділін, тіршілігін үйлестіріп, өмір сүруге, ешкімді алаламай, жалқы емес, жалпы жұртшылығымызға арналған тәлімі мен тағылымы мол толыққанды әмбебап құжат деуге болады. Тұғырнама Ғұламалар Кеңесінің бірнеше рет талқылауынан өтіп, мақұлданды. Тәлімдік құжатымыз – теріс ағымдарға тойтарыс бере алатын, имани иммунитетімізді күшейтетін дәстүрлі бағдарымыз.
Тұғырнама біртұтас мұсылман үмбетінің бірлігін көздейді.
Мешіт – рухани-имандылық ордасы. Сол құлшылық үйінің көркем мінезімен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер, қоғамның рухани жетекшісі – имамдар екені сөзсіз. Имамдық қызметтің ұғымы кең, мазмұны терең. Ол отбасыдан бастап, бүкіл бұқараның ізгілік пен имандылық жолын ұстауының ұйытқысы.
Құдайсыз қоғам құруды көксеген кешегі Кеңестік идеология кезеңінде халқымыздың рухани тұтастығын бір арнаға тоғыстырып, игілікке үндеген де осы дін қызметкерлері еді. Ел арасында «Ишан», «Молда», «Хазірет» деген атпен танылған діни тұлғаларымыз діни ағарту саласында да жетекші рөл атқарды, табанды еңбек етті.
Пайғамбарымыздан бастау алған, әділетті мұсылман әміршілері – Әбу Бәкір, Омар, Османдар, одан бері Имам Ағзам мен оның шәкірттері жалғастырған имамдық қызмет – екі дүниенің абыройына бөлейтін сауапты да жауапты міндет. Діни қызмет кешегі көшпелі қазақ топырағында да көрініс тапты.
Дегдарлық пен бекзаттылық үлгісі болған дәстүрлі исламды уағыздаған Марал Ишан, Науан Хазірет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміз дініміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Рухани тұлғаларымыздың бүгінгі жалғасы – осы отырған имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп есептеймін.
[caption id="attachment_9781" align="alignright" width="448"] Әзірет Сұлтан мешіті, Астана[/caption]
Пайғамбарымыздың: «Имам – басшы әрі қарамағындағы адамдарға жауапты», – деген хадисі дін қызметкеріне зор жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі имамның келбеті, тұлғасы қандай болу керек? ХХІ ғасырдың дін қызмкеткеріне артылған жауапкершіліктің өлшемі қандай?
Көптен күткен тәлімдік құжатымыз осы сауалдарға жауап береді. Сонымен қатар, имам-молдалардың тұлғасын арттыру бағытында қатаң талаптар қояды. Халықтың қайырымдылық бағытта берген қаржы-қаражат мәселесінде де ашық жұмыс істеуге, бұра тартпай, бүкіл ісінде бүкпесіз қызмет етуді міндеттейді. Діни ағымдар әрекетіне де тосқауыл қоюда табандылық танытып, күш-жігер жұмсауға жетелейді.
Жаңа заманның имам-молдалары ғаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Өзін жан-жақты дамытып, уағызды тарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет.
Жаңа заманның имам-молдалары ғаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Өзін жан-жақты дамытып, уағызды тарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет.
Бұл құжатымыз әр азаматтың ар-намыс кодексі іспетті.
Халқымыздың 70 пайыз бөлігін мұсылман қауымы құрайды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Алайда осы көрсеткіштің бүгінгі әлеуеті қандай, сипаты қайсы, сапасы қандай дәрежеде? Бұл мәселе Діни басқарма басшыларын да толғандырады.
Асылында, шынайы мұсылманның өмірі имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделуі тиіс.
Осынау талап-тілек деңгейден біздің мұсылмандар қаншалықты көрініп жүр? Ғұламалар Кеңесі шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесін айқындайтын тәлімдік құжат дайындады. Бұл құжатымызда мұсылманның дұрыс сенімде болуы, білім алуы, Отанын қорғауы, дінаралық келісімді сақтауы, қоғамға пайдасын тигізуі, ысырапқа жол бермей, еңбекқор болуы, тәні мен жан тазалығы, көркем мінезді болуы, отбасы құндылығы, т.б. жағдаяттар қамтылды.
Осы тәлімдік құжат мұсылман қауымының, жұртымыздың жүрер жолы, діни ұстанымы, бірлікке бастайтын жалпыға ортақ өмірлік қағидасы деуге болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының І республикалық форумында «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тәлімдік құжаттарымыз бірауыздан қабылданды.
Алла Тағала халқымыздың, мұсылман үмбетінің берекесі мен бірлігіне сызат түсірмей, іргелі ел, жоралы жұртқа айналған мемлекетіміздің мәртебесін мәңгілік еткей. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік болсын! Мәңгілік елге ұмтылған ұлтымыздың қадамы құтты, дұғасы қабыл, иманы кәміл болғай! Әмин.
ЖЕЛІ
БІР САҒАТТЫҚ ӨМІРІҢ ҚАЛСА, НЕ ІСТЕР ЕДІҢ?
Бір кісіден:
– Бір сағаттық өмірің қалды десе, не істер едің? – деп сұраған екен, ол:
– Бір сағат бойы тек қана намаз оқыр едім. Алладан жарылқау сұрар едім, - деп жауап беріпті.
Осы сұрақты екінші кісіге қойғанда, ол:
– Бар малымды кембағалдарға таратып, сауап жинап қалар едім, - депті.
Ал үшінші адам:
– Мен алғашқы жарты сағатымды білім алуға жұмсар едім де, қалған жарты сағатымды сол білімді басқаларға үйретер едім, - депті.
Осы үшеуінің әрекетінің ішінде ең қайырлысы, Алла Тағалаға ұнамдысы – соңғы кісінікі екен. Сондықтан білім үйреніп, оны елге тарату – әр мұсылманның парызы. Бірақ, мұндағы білім деп отырғанымыз пайдалы-пайдасыз ақпараттар жиынтығы емес, Алланы тану, тақуалықты арттыру жолындағы ізденіс.
Ақырет күнінде ислами көзқарастан ада, Алланы танудан алыс жатқан «ғылымға» бүкіл ғұмырын сарп етіп жиған ілімі еш пайда бермейді.
Нұрбақыт МЕЛЛЕТҰЛЫ