Жаңа төселген асфальт ойылып кеткен: Белгілі компания Алматыдағы жолды қайта қалпына келтіреді

Қаракөз Амантай 10 шіл. 2024 16:52 230891

Алматыда Бұқтырма көшесі мен Құлжа тасжолының қиылысында 2021 жылы төселген асфальт ойылып, шұңқырлар пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, жауапкершілікті жол жөндеген компания өз мойнына алады. Эстакада бойында қозғалыс 2021 жылы ашылған.

Бірақ жолайрық 2023 жылдың қазан айында пайдалануға берілгендіктен нысанға 2026 жылға дейін мердігер кепіл болады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, асфальтбетон жабынының ақауы гидрооқшаулағыш материалдың қабыршақтануы салдарынан пайда болды. Оның нақтылы себептерін анықтау үшін зақымданған учаске ашылады. "Bazis construction" ЖШС компаниясына кепілдік міндеттемелері аясында өз қаражаты есебінен алдағы 10 күн ішінде қалпына келтіру жұмысын жүргізуге нұсқау берілді", - делінген хабарламада.

Басқарма қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі кезде ақаулы учаскеге уақытша жөндеу жүргізілгенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін  ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жол сапасы жөнінде тұрғындар шағымына дер кезінде назар аударуды тапсырған болатын.

Осы тұста көлік министрі Марат Қарабаев жол жобаларына тартылған компаниялардың жауапкершілігін арттырудың жаңа тәсілі енгізілетінін айтты.

"Соңғы жылдардағы жобаларды іске асыру тәжірибесін ескере отырып, мердігерлердің, жобалаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында осы жобаларда халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен EPCM келісімшарты және FIDIC қағидасы енгізілуде. Ондағы шарттарға сәйкес мердігер компания өзі жобалап, өзі салып, 7 жылға дейін күтіп ұстайды", — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар