2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Онда жеке табыс салығы, салықтық қарызды өндіру тәртібі, көлік пен мүлік салығына қатысты бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Dalanews.kz редакциясы аталған өзгерістерге байланысты шолу жасады.
Табысқа салынатын салық
Жаңа кодекстің басты өзгерістерінің бірі табыс көлеміне қарай салынатын салық. Бұдан былай барлығы бірдей мөлшерлеме төлемейді. Жылдық табысы 8,5 мың АЕК-ке дейін азаматтар 10% салық төлейді. Осы сомадан асатын болса, 15% мөлшерлеме қолданылады.
Салықтық шегерімдер
Жаңа кодексте шегерімдер жүйесі қайта қаралды. Стандартты шегерім 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайды, осылайша айлығы шамамен 140 мың теңгеге дейінгі азаматтар жеке табыс салығынан толық босатылады.
Әлеуметтік осал санаттар үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға айына 5 мың АЕК-ке дейін шегерім беріледі. Бұрынғыдай оқу ақысын, емделу шығындарын немесе ипотеканы құжатпен дәлелдеу қажет емес, орнына біріңғай стандартты шегерім қолданылады. Зейнетақы мен біржолғы әлеуметтік төлемдер де салықтан босатылды.
Салықтық қарызды өндіру тәртібі
Қарыз мөлшеріне байланысты әртүрлі шаралар қолданылады. Қарыз 20 АЕК-тен аспаса, тек хабарлама жіберіліп, кешіктірілген төлем үшін өсімпұл есептеледі. Қарыз 20 АЕК-тен асса, шоттар бұғатталуы немесе инкассо шаралары қолданылуы мүмкін. Қарыз 45 АЕК-тен жоғары болса, мүлікке шектеу қойылуы мүмкін, ал қарыз 27 000 АЕК-тен асып, 3 айдан астам уақыт өтелмесе, сот арқылы елден шығуға уақытша тыйым салынады. Салық органдары алдымен хабарлама жолдауға және борышкерді алдын ала ескертуге міндетті.
Қарызды кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу
Белгілі шарттарға сәйкес, бизнес субъектілері кепілсіз және банктік кепілдемесіз салықты кейінге қалдыра алады. Уақытша қаржылық қиындыққа тап болғандарға 1 500 АЕК-ке дейін бөліп төлеу қарастырылған. Импорттаушыларға да жеңілдік берілді. Өндірісте пайдаланылатын шикізатқа ҚҚС төлеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік бар.
Ауыл шаруашылығына арналған жеңілдіктер
Кәсіпкерлік немесе фермерлік шаруашылықтар өз өндірісіндегі ауыл шаруашылығы өнімін сату немесе өңделген өнімді өткізу кезінде жеке табыс салығын 70% мөлшерінде азайта алады.
Дивидендтерге қатысты өзгерістер
Бұрынғы 30 000 АЕК шегерім жойылды. Енді дивидендтерге 5% және 15% мөлшерлеме қолданылады, бұл көлемге байланысты прогрессивті түрде есептеледі.
ҚҚС және корпоративтік табыс салығы
ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өседі, ал ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін ұлғайды. ҚҚС-тен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміндегі қызметтер, МӘМС аясындағы қызметтер, отандық кітап басылымдары мен баспа өнімдері босатылады.
Корпоративтік табыс салығының негізгі мөлшерлемесі 20% болып қала береді. Дифференцияланған ставкалар енгізіледі: банктер мен ойын бизнесі үшін ставка 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін 5%, 2027 жылы 10%, ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 3% мөлшерлеме қолданылады. Сонымен қатар елде прогрессивті ЖТС мөлшерлемелері енгізіледі.
Көлік салығы
Жеңіл автомобильдерге пайдалану мерзіміне байланысты төмендетілген коэффициенттер қолданылады. 10–20 жылдық көліктерге коэффициент 0,7, 20 жылдан асқан көліктерге коэффициент 0,5 болады.
Кәсіпкерлік (фермерлік) шаруашылықтар
үшін жаңа кодекс бірқатар жеңілдіктер енгізеді. Мысалы, әрбір шаруашылыққа бір пикап көлігі салықтан босатылады.
Сонымен қатар көліктің түрі енді кузов бойынша емес, техникалық паспорттағы санатқа (A, B, C, D) сәйкес анықталады.
Ағымдағы төлемдерді есептеп, бөлек жіберудің қажеті жоқ. Салық тек жылдық декларация арқылы есептеледі және бір рет, жыл соңында төленеді.
Мүлік және жер салығы
Мүлік салығының ағымдағы төлемдері тек жылдық салық сомасы 1 млн теңгеден асқан жағдайда есептеледі. Ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатсыз пайдаланған учаскелер үшін салық мөлшерлемесі екі есе ұлғайтылады. Жер қойнауын барлау немесе өндірумен айналысатын компаниялар үшін жерді пайдалану төлемі өседі.
