Жаңа Салық кодексі: кәсіпкерлер мен халыққа қандай жеңілдіктер беріледі?

Қаракөз Амантай 06 қаң. 2026 15:39

1 қаңтардан бастап Қазақстанда салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, бизнеске түсетін жүктемені азайтуға және экономикалық белсенділікті ынталандыруға бағытталған жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа кодекс салық жүйесін едәуір жеңілдетуді көздейді. Салықтық есептік көлемі 30%-ға, салықтар саны 20%-ға қысқарды. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіру шаралары кезең-кезеңмен және ескерту сипатында қолданылады.

Камералдық бақылау алдын алу құралына айналады. Салықтық берешекті өндіру, сондай-ақ кейінге қалдыру мен бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетілді. Берешек сомасы аз болған жағдайда бизнес-шоттарды бұғаттау қолданылмайды.

Экономиканың жекелеген салаларына арналған жеңілдіктер

Ішкі және сыртқы туризмі саласын қолдау мақсатында туроператорлардың қызметі бойынша айналымдар қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылды. Бұл туристік қызметтердің құнын төмендетіп, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.

2026 жылдан бастап отандық баспа кітаптарын сату және оларды басып шығару қызметтері де ҚҚС-тан босатылды. Бұл кітап өнімінің өзіндік құнын төмендетіп, отандық әдебиеттердің ассортиментін кеңейтуге әрі қазақстандық авторлар мен баспаларды қолдауға бағытталған.

ҚҚС-тан сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы тауарлар мен қызметтер, орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу шығындары босатылды.

Агроөнеркәсіп, өндіріс және инвестицияға арналған шаралар

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін ҚҚС-тың есепке жатқызылатын үлесі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Қазақстан аумағында қайта өңдеуге арналған импорттық шикізат пен материалдар бойынша ҚҚС төлеу мерзімі 1 жылға дейін кейінге қалдырылады.

Инвестиция тарту және өндірісті жаңғырту үшін:

  • құрылыс,
  • жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу,
  • реконструкция және жаңғырту шығындары бойынша

100% шегерім көзделген. Ғылыми-зерттеу әзірлемелерін қаржыландыруға 300% мөлшерінде «супершегерімдер» енгізілді.

Бағалы қағаздар нарығын қолдау мақсатында биржалық тізімдегі бағалы қағаздар бойынша дивидендтерге салынатын салықтан босату жеңілдігі сақталды. Арнайы экономикалық аймақтар мен инвестициялық келісімдер шеңберіндегі салықтық преференциялар да өзгеріссіз қалды.

Геологиялық барлау және тау-кен саласы

Тозған кен орындарын игеру және геологиялық барлауды ынталандыру үшін жаңа жобаларға 5 жыл мерзімге пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың (ПҚӨС) нөлдік мөлшерлемесі енгізілді. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды қайта өңдеу бойынша салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Арнайы салық режимдері

Арнайы режимдер саны 7-ден 3-ке дейін қысқартылды:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін,
  • оңайлатылған декларация негізінде,
  • шаруа және фермер қожалықтары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға ЖШС немесе ЖК ретінде тіркелу талап етілмейді, бірыңғай төлем мөлшерлемесі — 4%. Оңайлатылған декларация үшін шекті табыс 600 мың АЕК мөлшерінде белгіленді, қызметкерлер санына шектеу қойылмайды.

Әлеуметтік бағыттағы нормалар

Екінші деңгейдегі жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылды (елден кететіндер мен мұрагерлік төлемдерден басқа).

Көлік салығы бойынша:

  • 10 жылдан 20 жылға дейінгі жеңіл автомобильдерге — 30%-ға,
  • 20 жылдан асқан автокөліктерге — 50%-ға төмендетілген мөлшерлеме енгізілді.

I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік салықтық шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұған қоса жеке табыс салығы бойынша жекелеген шегерімдердің орнына 30 АЕК мөлшеріндегі бірыңғай ұлғайтылған шегерім енгізілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар