Жаңа салық кодексі елдегі орта тапты қысымға ала ма?

Ришат Асқарбекұлы 12 қар. 2025 12:15

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, жаңа нормалар ел экономикасының негізгі тірегі саналатын орта тапқа ауыр соққы болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көлік салығы кімге жеңілдік береді?

Жаңа жылдан бастап көлік салығы 50 пайызға төмендейді. Бұл жаңалық сырт көзге жағымды көрінгенімен, іс жүзінде ауқатты азаматтарға тиімді, дейді сарапшылар.

Мәселен, қозғалтқыш көлемі 4,7–5,7 литр болатын жолталғамайтын көліктердің иелері бұрын 500 мың теңге салық төлесе, енді 250 мың теңге ғана төлейтін болады.

Ал қарапайым қазақстандықтардың басым бөлігі мінетін 2 литрлік қозғалтқышы бар Hyundai Tucson, Toyota Camry сияқты көліктердің салығы онсыз да мардымсыз — 10 мыңның орнына 5 мың теңге төлеу ешқандай елеулі пайда әкелмейді.

«Ауқатты азаматтарға арналған жеңілдіктер экологиялық тұрғыдан да, әлеуметтік әділдік тұрғысынан да қисынсыз. Керісінше, қымбат көліктерге “сән салығы” енгізу керек еді», – дейді экономистер.

Баспана сатушыларға жаңа салықтың салқыны тиеді

Тағы бір өзгеріс жылжымайтын мүлік сатуға қатысты. Енді үй немесе пәтерді алған соң  2 жыл ішінде сатып жіберсең, пайда тапқан соманың 10 пайызын салыққа төлеуге тура келеді.

Бұрын бұл мерзім 1 жыл болатын. Енді 45 млн теңгеге алған үйін екі жыл ішінде 55 млн-ға сатқан азамат 1 млн теңге салық төлеуі тиіс. Бірақ үйді жөндеуге, жаңартуға кеткен шығындар есепке алынбайды.

«Бұл норма “алыпсатарларды тыю” үшін енгізілді дегенмен, іс жүзінде қарапайым азаматтарға кедергі болып отыр. Бірді-екілі үйін сатып, басқа жаққа көшу – қылмыс емес», – дейді сарапшылар. Кейбіреулер мұны Жапониядағы жағдаймен салыстырады. Ол елде үш жылға жетпей сатса, салық алынады. Бұл ретте елдерді экономикалық жағдайын алып салыстыру қисынсыз.

Ірі құрылыс компаниялары айналып өтеді

Сарапшылардың айтуынша, ірі құрылыс компаниялары мен девелоперлер бұл салықтық шектеулерді айналып өтудің түрлі жолдарын жақсы біледі. Ал қарапайым азаматтар үшін бұл тағы бір қаржылық қысым болып отыр.

«Құрылыс компаниялары қосылған құн салығын (ҚҚС) көтердік деген желеумен бұл ауыртпалықты тұтынушының мойнына артады. Соның салдарынан баспана бағасы қымбаттай түседі», – дейді сарапшы.

Антимонополиялық бақылаудың әлсіздігі мен баға ырықтылығы салдарынан жылжымайтын мүлік бағасы тағы да өсіп, орта таптың баспана алу мүмкіндігі одан сайын қиындауы ықтимал.

Жаңа Салық кодексі әлеуметтік әділеттілікті нығайтудың орнына, керісінше орта таптың салықтық ауыртпалығын арттырады.

Көлік салығының төмендеуі байларға тиімді болса, баспана сатқан азаматқа салынатын салық қарапайым халықтың қалтасын жұқартады.

Экономистердің айтуынша, мұндай саясат экономикалық белсенді топқа қысым жасап, елдегі әлеуметтік теңсіздікті тереңдетуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар