«Жаңа Қазақстанды» құруға қатысқым келеді». Қызметінен қуылған шенді Тоқаевқа орыс тілінде хат жазды

Dalanews 31 мам. 2022 07:33 978

Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, «Жаңа Қазақстанды» жасауға атсалысқысы келетінін айтты, – деп хабарлайды 7kun.kz.

Қайрат Әскербекұлы Досаев – Тараз қаласының бұрынғы әкімі. 2019 жылы күзде мектеп әжетханасында оқушы қыз зорланған соң қызметтен кеткен.

Сол уақытта шулы оқиғаны президент өз бақылауына алып, облыс әкіміне Тараз қаласының әкімі қызметтен кетсін деген тапсырма берген.

Сол жылы желтоқсан айында Қайрат Досаев Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болды. Арада жарты жыл өткен соң Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалған.

Артынша мұны біліп қойған президент Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялап, Досаевты қызметтен кетіруді талап еткен.

Қайрат Досаев – Алматы әкімі Ерболат Досаевтың туған бауыры. Өмірімнің 20 жылын мемлекеттік қызметке арнадым деген ол өзінің Facebook парақшасы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады.


Хат орыс тілінде. Онда өзінің қызмет жолын, адал қызмет еткенін, президентке әлдекімдер жалған ақпарат жеткізгенін жазыпты. Өзін не себепті екі рет жазалағанын да әлі күнге түсінбей жүр екен.



– Қазір мені болған оқиғалардан кейін ешқандай басшы жұмысқа қабылдамайды. Жаңа Қазақстанды құруға атсалысқым келеді. Менің күш-қуатым толы, халық үшін қызмет етуге құлшынып тұрмын. Мемлекеттік қызметтегі барлық уақытта арыма дақ түспеді, ар-ұятыммен әрекет еттім, –деп жазды Қайрат Досаев.

Досаевтың жазуы бойынша, ол мемлекеттік қызметке тек президент Тоқаев араласқан соң ғана орала алмақ. Соңғы үміті мемлекет басшысында екенін айтыпты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар