Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру бағдарламасына енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол Атырау облысына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас педагог жаратылыстану-математика бағытындағы пәндердің сағаттары мен мазмұны қайта қаралып, бастауыш сынып бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін жеткізді.
Одан бөлек, 5-7-сыныптарға Конституция негіздері, 8-9-сыныптарға Заң және тәртіп пәндерін енгізу, ал 10-11-сыныптарда Құқық негіздерін оқытуды міндеттеу жоспарланып отыр.
Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың білім деңгейін бағалау, сауатын арттыру мақсатында мазмұндама, шығарма, диктант жазу қайта енгізілетінін де айтты.
Еске салайық, бұған дейін педагогтерді аттестациялау жүйесі түбегейлі өзгеретінін жаздық.
