Жаңа Конституция ауыл тұрғындары мен пай иелері үшін әлеуметтік әділеттіліктің құралына айналуы тиіс

Самал Асқар 17 нау. 2026 19:40

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) елордада жаңартылған Ата Заң нормаларын аграрлық экономика секторына тиімді етуге арналған сараптамалық кездесу өткізді, деп хабарлайды Dala News.

Талқылаудың негізгі тақырыбы — қабылданған конституциялық өзгерістер аясында жер үлесі иелерінің құқықтарын қорғау және жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) құқықтық мәртебесі төңірегінде болды.  

Іс-шараны ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжанов ашып, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты партияның бағдарламалық мәлімдемесін жасады. Республикалық референдумның ресми қорытындыларын (қатысу — 73,12%, қолдау — 87,15%) бағалай отырып, ел азаматтардың сенімі мен  саяси күштерге бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайдағы тарихи жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

«Референдум нәтижесі, мәреге жету емес, бұл енді барлығының бастау нүктесі болып отыр. Біз жаңартылған Конституцияның әрбір әрпі нақты жұмыс істейтін заңға айналуы тиіс болатын кезеңге қадам басып отырмыз. Ерекше атап айтатыны, Конституциядағы 8-бап ендігі кезекте жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі екенін бекітеді бір жола шегендеді. Бұл біздің басты бағдарымыз. Біз үшін, социал-демократтар үшін, бұл құқықтық қорған әрбір отбасы үшін ерекше маңызды. ЖСДП фракциясы шартты жер үлестері мәселелері бойынша заң жобасына бастамашылардың бірі болып, Жер кодексінің 79 және 101-баптарында жерді кепілге қою кезінде ЖШС-лардың өктемдігін шектейтін түзетулер енгізді. Бұл халықтың ұлттық байлыққа деген Конституциялық құқығын тікелей жүзеге асырады», — деді Асхат Рахимжанов.

Дауыс беру қорытындысының саяси маңызы мен бұл үдерістегі өңірлердің рөлін ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай атап өтті. Оның айтуынша, референдум нәтижелері партияның бүкіл ел бойынша өзгерістерге деген жалпыұлттық сұраныстын растады. 

«Референдум қорытындысы көрсеткендей халық саналы түрде өздерінің жаңа құқықтық жағдайларын таңдағанын көрсетті. Бұл  Конституцияның 1-бабында нақты көрсетілген. “Әлеуметтік мемлекет” тұжырымдамасының маңыздылығын Алматыдан бастап ең шалғай аудандарағы азаматтардың сезініп, өздерінің жоғары белсенділік көрсеткенін байқадық.  Мұндай қатысу деңгейі — халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістерге берілген қуатты мандат», — деп атап өтті Тазабек Сәмбетбай.

Кездесудің практикалық бөлімінде жер үлестерін бөлу мәселесінің көпжылдық проблемасына ерекше назар аударылды. Пай иелерінің құқықтарын қорғауға маманданған ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі Максұт Насибулов жаңа құқықтық жағдай ескі жер дауларын шешуге жаңаша мүмкіндік беретінін айтты.

«Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы мыңдаған ауыл тұрғындарының құқықтарын қалпына келтірмей жүзеге аспайды. Конституцияның 29-бабының жаңа редакциясы меншік құқығын императивтік норма ретінде бекітті, біз мұны пай иелерін қорғауда пайдаланамыз. “ЖШС туралы” заңға (46, 48-баптар)  үлесті бөліп беру мәселесі бойынша болатын жиналысты 1 ай ішінде шақыруды міндеттейтін түзетулер енгізілді. Бұл Конституция преамбуласында көрсетілген “Заң және тәртіп” қағидатын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының салымдарын инфляциядан қорғау үшін жарғылық капиталды әр 3 жыл сайын міндетті түрде қайта бағалауды ұсынамыз», — деді Максұт Насибулов.

Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл аумақтарының өміршеңдігі мәселелерін ЖСДП-ның Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров көтерді. Оның пікірінше, бүгінгі таңда әлеуметтік тұрақтылықтың негізі ретінде жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) ерекше конституциялық назарды қажет етеді.

«ЖҚШ ауыл шаруашылығы өнімінің 50%-ына дейін өндіреді, бірақ әлі күнге дейін “көлеңкелі аймақта” қалып отыр. Біз бастамашылық етіп отырған жеке  қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) туралы заң жобасы Конституцияның жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты 88 және 91-баптарымен толық үйлеседі. Біз жайылымдар мен шабындықтарды басқару функцияларын тікелей жергілікті қауымдастықтарға (кеңестерге) беруді ұсынамыз. Біздің мақсатымыз — ауыл тұрғындарының ресурстарға тікелей қол жеткізуін қамтамасыз ету. Өйткені әлеуметтік әділеттілік өз жерінде адал еңбек етіп табыс табу мүмкіндігінен басталады», - деп атап өтті Талғат Омаров.

Талқылау барысында сарапшылар мен аграрлық сектор өкілдері парламенттің кәсіби бірпалаталы жүйесіне көшу және Халық кеңесін құру ауыл тұрғындарының қажеттіліктері бойынша шешім қабылдау орталықтарына тез әрі тиімді жеткізуге мүмкіндік береді деген ортақ пікірге келді. ЖСДП референдумда нақтыланған, халықтың еркін іске асырудың негізгі бақылаушысы рөлін өз мойнына алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove