Жаңа жылдық безендіруге қай қала қанша жұмсамақ?

Қаракөз Амантай 10 жел. 2025 11:12

Қазақстанның өңір-өңіріндегі әкімдіктер Жаңа жыл мерекесіне бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ФБРК телеграм арнасы солардың бірқатарына шолу жасады.

Дереккөз ұсынған ақпаратқа сәйкес, Семейде концерттік бағдарламаға 10 млн теңге, ал мерекелік безендіру жұмыстарына 55 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Көкшетауда жалпы шығынның 55,4 млн теңгеге дейін жететіні хабарланды.

Қостанайда мерекелік шараларға 86 млн теңге қарастырылған. Оның басым бөлігі мұздан қалашық жасауға жұмсалады. Дегенмен қыс кеш келгендіктен, мұз қалашығы жасалмауы да мүмкін.

Астанада мерекеге алдын ала болжам бойынша 365 млн теңге қарастырылған. Қаржы қаланың аудандары арасында бөлінеді: Байқоныр, Сарайшық, Сарыарқа және Алматы аудандарының әрқайсына 50 млн теңге, Есілге — 90 млн, Нұрға — 75 млн теңге. Айта кетейік, 2026 жылғы Жаңа жылға Астана 2025 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе аз қаражат бөлген.

Өскеменде мерекелік шараларға шамамен 140 млн теңге бөлінеді. Оның жартысы қала көркемдеуіне, қалғаны мерекелік бағдарламаға жұмсалады.

Шымкентте әкімдік өкілдерінің айтуынша, 166 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаржы мәдениет басқармасы, аудандық іс-шаралар және қаланы Жаңа жылға безендіруге бөлінеді.

Алматы қаласы жалпы шығысы бойынша алда келеді. Қала жалпы сметасын жарияламағанымен, белгілі болғандай, Алатау ауданында 100 млн теңге, Түрксібте — 200 млн, Наурызбайда — 92,3 млн, Медеуде — 160 млн теңге қарастырылған. Әкімдік соңғы шығындар конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін белгілі болатынын хабарлады.

“Осылайша, Қазақстанның өңірлері Жаңа жыл мерекесіне шамамен 1,5 млрд теңге жұмсауы мүмкін. Дегенмен бұл алдын ала есеп, өйткені кейбір облыстардан алынған мәліметтер толық емес немесе нақтылауды қажет етеді”, — дейді дереккөз.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавл қаласының мәдениет бөлімі Жаңа жыл мерекесіне арналған қаланың басты шыршасын жағу рәсімін бейнематериалға түсіру және монтаждау үшін 2,5 млн теңге сұраған еді.

Бұл өтінім қалалық мәслихат отырысында қызу талқыланған. Депутаттар бөлім ұсынған смета айтарлықтай асыра бағаланғанын атап өтті.

Кейін Өскеменнің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі көшелер мен қоғамдық орындарды жаңа жылдық безендіру үшін тендер жариялады. Жұмыс құны 71,5 млн теңге деп бағаланды.

Айта кетейік, бұған дейін Dalanews.kz Қарағанды облысында Осакаров ауданы әкімдігіне қарасты мекеме жаңа жылдық шырша ойыншықтарын сатып алуға бюджеттен 3 миллион 767 мың 900 теңге жұмсамақшы екенін жазған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар