Бұл еліміз үшін тарихи сәттердің бірі десек те болады. Осы күнді халқымыз ұзақ күткен болатын. Енді міне, сан ғасыр бойы армандап келген төл жазуымызды жаңғыртуға қол жеткіздік.
«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірдік, осымен іс тәмам демеуіміз керек. Мұны біз жұмыстың басы деп қабылдауымыз қажет» – Тіл сарайында өткен «Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы» атты жиында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев осылай деді.
Ассамблея өкілдері, ардагерлер, облыстық басқарма, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қазақ тілінің әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Тіл басқармасының мамандары, «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының оқытушылары және БАҚ өкілдері қатысқан жиын барысында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы мәселеге қатысты ойлар ортаға салынды.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығын Қазақстан Республикасындағы ең үлкен оқиғаның бірі деп айтсақ болады. Әлемнің 90 пайызы қолданып отырған әліпбиге Қазақстанның да кірігуі еліміз үшін зор мәртебе. Негізінде, біз латын әліпбиін қолдануды жаңа бастап жатқамыз жоқ. Біздің ата-бабаларымыз осы жазуды қолданғанын жақсы білеміз. Ендеше, Елбасымыз өткенді қайта жаңғырту арқылы латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауына апарар сара жол болмақ, – деген басқарма басшысы Айдар Карбозұлы жаңа әліпбиді қолданысқа енгізуде атқарылар жұмыстар бойынша еш кедергінің болмайтынын да айтты.
Мұнан кейін қалалық «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев сөз алды. «Жаңа әліпбиді енгізе отырып біз санада жаңалық жасадық. Принциптік тұрғыда әліпбиімізді қабылдадық. Бұл еліміздің рухани жаңғыруындағы жаңа қадам деп есептеуге болады», – деген Данияр Болысбекұлы Талдықорған газетінің соңғы екі нөміріне жоба ретінде бірнеше мақаланы латын әліпбиінің нұсқаларында жазғандығын айтты. Болашақта да осы жұмыстар қарқынды түрде жалғасын табады деді.
«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруді – тәуелсіздіктің жемісі әрі жеткен жеңісі деп білемін», – дейді облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербаев. –Ең бастысы әліпбиімізді қабылдадық. Ал болашақта атқарылар жұмыс шаш етектен. Сондықтан, барлықтарыңызды жаңа бастамаға қолдау танытып, бірігіп жұмыс жасауға шақырамын, – деді ол.
Жиын барысында сөз алғандардың дерлігі енді сөзбен емес, білек сыбанып іс-қимыл танытатын кезең келгенін айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік тілімізді бүкіл қоғамдық салада еркін қолданылатын дара, негізгі, әрі жұмыстың, әрі қарым-қатынастың құралына айналдыруымыз керек деген ой түйісті.
Жиынды қорытындылаған қазақ тілінің әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөніндегі Алматы облысы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Айдар Карбозұлы осыған дейін топ мүшелері аймаққа қарасты тоғыз ауданда болып, халыққа түсіндірме жұмысын жүргізіп келгендігін, ендігі сәтте, Елбасының тарихи шешіміне орай топтың алдағы атқарар жұмыс барысына өзгерістер енгізіліп, жаңа қырынан бастау алатындығын да айтты.