Кез келген елде әлеуметтік саясат шешуші рөл атқарады – мемлекеттің, облыстың, қаланың табысты дамуы қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимылға, қолдауға, түсіністікке байланысты. Бұл ережені халықты әлеуметтік қорғау жоғары деңгейде дамыған елдердің тәжірибесінен байқауға болады. Қазақстан – әлеуметтік бағдарланған мемлекет, оның басты міндеті – қоғамның барлық қабаттарын әлеуметтік қорғауға жұмылдыру. Заңнамалық және іс жүзінде біздің республика тиімді әлеуметтік саясат пен мемлекеттің экономикасының стратегиясын әзірлеуге ұмтылуда.
Өткен жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда бұрын қолданыста болған әлеуметтік саладағы он заңды бір жүйеге біріктірген Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Содан кейін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңдар күшін жойды. Бұл біріктіру және жаңа ережелерді енгізу азаматтарға неғұрлым тиімді және мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді.
Оның қабылдануымен мемлекеттің әлеуметтік саясаты белсенді форматқа өтіп, азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарады деген үлкен үміт бар. Өйткені, шын мәнінде, Әлеуметтік кодекс – Қазақстан азаматтарының туғаннан бастап кәрілікке дейінгі негізгі әлеуметтік құқықтарын айқындайтын маңызды құжаттардың бірі.
Онда бірнеше бағытты бөліп көрсетуге болады. Маңызды бағыттардың қатарында халықты жұмыспен қамтуды реттеу және жоғары білікті, өнімді еңбекті ынталандыру, соның нәтижесінде ұлттық табысты арттыру, қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген құрмет пен ілтипатты қалыптастыру, бала күтімі бойынша төлемдер мерзімін бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайту, зейнеткерлік жастағы миллиондаған азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуді арттыру және басқа мәселелер бар.
Мысалы, Әлеуметтік кодекске сәйкес, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедекке қолдау көрсететін 30 мыңға жуық жеке көмекші міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады. Яғни, жеке көмекші қажет болған жағдайда Әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алуға құқылы болады, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шеңберінде медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі және зейнеткерлік жасқа жеткенде еңбек өтілі болады. Айталық, Ақмола облысында барлығы 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады.
Жауапты мамандардың сөзінше, онда жыл сайын оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге бюджеттен бөлінетін қаражат көбейіп келеді. Соңғы бес жылда қаржыландыру екі есеге ұлғайып, 1,5 миллиард теңгеге дейін өскен.
Расында, елімізде кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні сол Ақмола облысында 343 әлеуметтік маңызы бар нысан бейімделген. Алдағы үш жыл ішінде тағы 1300-ге жуығын бейімдеу жоспарлануда. «Шекарасыз компьютер» жобасын жүзеге асыруға, әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсету кабинетін құруға және тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдардың демалыс орталығын ұйымдастыруға бағытталған шаралар да көпшіліктің көңілінен шығып жатыр.
Ерекше қажеттіліктері бар балалардың лайықты орта білім алып, мүмкіндігінше оқуын колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғастыруы үшін тиісті жағдай жасау қажет. Бұл орайла, Көкшетауда сөйлеу қабілеті бұзылған балалар мен жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі балабақша салынып жатыр. «Қамқорлық» бастамасы аясында ерекше қажеттіліктері бар 600 бала көмек алады. Сондай-ақ, жыл басынан бері 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамтуға «Он қоғам» орталығы көмектесуде. 1700-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан спортпен шұғылданады.
Еліміздегі үлкен әлеуметтік мәселе – мүмкіндігі шектеулі жанның жұмысқа орналасуы. Қазіргі өндіріс тапшылығы жағдайында бұл өте қиын. Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, оның ішінде 400 мыңнан астамы еңбекке қабілетті жастағы адамдар (60 пайызы) және олардың 30 пайыздан аспайтыны еңбек нарығына қатысады.
Жалпы қоғам, әсіресе кәсіпорын басшылары мүгедектердің мәселелері, олардың жұмыс іздеу және таңдау кезіндегі ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы, біліктілігін арттыруға, өндірістік тәжірибеге, оқуға немесе ауыстыруға көмектесу туралы көп біле бермейді. Жұмыспен қамту заңнамасының жетілдірілмеген тұстары да бар, көптеген мемлекеттік бағдарламаларда мүгедектердің жұмысқа орналасу қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескерілмейді, мүгедектердің жұмысын сақтап қалуға көмектеспейді.
Осы себепті Ақмола облысында былтыр іске қосылған мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған пилоттық жоба өзге өңірлерге үлгі боларлық. Бұл, негізі еуропалық тәжірибе – Еуропада жұмысқа орналастырудың қатаң нормалары мен ережелері бар, мүгедектердің мәселелері мүгедектердің мүдделерін қорғайтын ҮЕҰ арқылы шешіледі. Бұл кәсіпкерлерге мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа алып, оған көмектесіп, содан кейін өз бетімен алға жылжуға мүмкіндік беретін өте жақсы үлгі. Оның қатысушылары мүгедектерге оқу процесінде ғана емес, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін де қарастырады. Осы мақсатта пилоттық жоба аясында алдағы уақытта нысаналы мәселелерді, ұсыныстарды және нормативтік құқықтық актілерге түзетулерді талқылау үшін кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерімен кездесулер өткізу жоспарлануда.
Мемлекеттің міндеті – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды анықтау. Бұл ретте сарапшылар атаулы әлеуметтік қолдаудың нақты мемлекеттік көмекке мұқтаж халықтың санаттары үшін қажет екенін айтады. Осындай атаулы шаралардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Сондай-ақ арнайы төлемдер мен жәрдемақылар есебінен өмір сүргісі келетіндерді анықтау үшін – мемлекет олармен біраз жұмыс істеуі керек. Өйткені, белгілі ереже бар - адамдар мемлекетке сирек жүгінуі, өздері жұмыс іздеуі, «балық аулайтын қармақ» болуы үшін өз ісін ашуға жағдай жасау, жұмыс орындарын құру, жаңа өндірістер ашу, соның арқасында адамдар ақша табуға, өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алады. Тиімді экономикасы бар елде жәрдемақыға отырғаннан гөрі жұмыс істеген пайдалырақ.