Жамбылды шулатқан прокурор тағы да үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 05 мам. 2025 14:44 497

Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаменті қызметкері Әлия Қожабекованың тағы бір бейнеүндеуі тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жолы да ол Президенттен көмек сұраған. Қожабекованың сөзінше, Бас прокуратураның қызметкерлері тексергеннен кейін көптеген заңбұзушылық анықталған. Ол бұл жайтқа бей-жай қарамағаны үшін Президентке алғыс айтты.

Дегенмен, жамбылдық прокурордың сөзінше, тексеріс кезінде 2022-2025 жылдар аралығы қамтылған, бұған дейінгі жайттар ашылмаған.

"Себебі Бас прокуратурадан келген қызметкерлер ақпараттандыру, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар емес. Менің ойымша, оларда арнайы дағды болмағандықтан, Жамбыл облысы бойынша департаментте қалыптасқан бүкіл жүйені анықтай алмады", - деді ол.

Ол мұндай деректер СДТБТ дерекқорындағы заңбұзушылықтарды толық анықтай алмағандары үшін жабулы күйінде қалмауы керек екенін жеткізді. Ол бұл іске ақпараттық технология саласындағы мамандарды, мысалы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ведомстволары және басқаларын тарту керек екенін мәлімдеді.

"Тексеріс нәтижелері, тексеріс анықтамалары, қорытындылар, мәліметтер маған берілмеді. Сондықтан Бас прокуратурадан тексерістің бастамашысы екенімді және бұл заңнамаға қайшы келмейтінін ескере отырып, тексеріс материалдарының көшірмелерін маған жолдауды сұраймын", - деді ол.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін Әлия Қожабекова 2024 жылы Бас прокурор Берік Асыловқа, комитет төрағасы Нұрлыбай Сәбитке, сондай-ақ, Президент әкімшілігіне бірнеше рет ресми түрде хат жазып, Жамбыл облысы бойынша департаменттегі заңбұзушылықтар туралы мәлімдегенін айтты. Сонымен қатар, ҰҚК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке де ресми түрде жүгінген.

Кейінірек Бас прокуратура бұл іске қатысты жауап қатты.

"Бас прокурордың тапсырмасы бойынша айтылған уәждерді тексеру үшін Жамбыл облысына Бас прокуратураның Ішкі қауіпсіздік департаменті мен тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлері, сондай-ақ, комитет төрағасының орынбасары кіретін жұмыс тобы жіберілді", деді ведомство өкілдері бұған дейін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар