Жамбыл облысында шопан сирек кездесетін қар барысын видеоға түсіріп алған. Ерекше кадрлар әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видео «Мерке» ұлттық паркінің Instagram-парақшасында жарияланды. Кадрларда қар барысы баяу қозғалып, таудың етегінен жоғары өрлеп бара жатқаны көрінеді.
«Әуесқой түсірілім кезінде кадрға сирек кездесетін қар барысы түсіп қалды»,- делінген жазбада.
Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, видео 6 қараша күні түсірілген. Кадрды Мерке ауданындағы жергілікті тұрғын түсірген. Ол орман билеті арқылы мал жаюға рұқсат алған екен.
Мамандардың айтуынша, жыртқышқа жақын жүру өте қауіпті, тіпті қысқа қашықтықтың өзі қауіп төндіруі мүмкін.
Қазақстанда қар барысын көру - үлкен сәттілік әрі сирек жағдай. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, елімізде 152-ден 189-ға дейін Қызыл кітапқа енген қар барысы бар.
