Жамбыл облысы Сарысу аудандық соты келініне тіл тигізіп, тыныштығын бұзған ер адамға қатысты әкімшілік істі қарады. Ол бұған дейін де отбасындағы тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылған екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот мәліметінше, ер адам 2024 жылдың маусым айында келініне мас күйінде балағат сөздер айтып, құқық бұзушылыққа қайта барған. Бұған дейін ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылған.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Ал жәбірленуші оның мас күйінде балағаттағанын растағанымен, кешірім беретінін айтты.
Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің арызы, хаттама және құқықтық статистика органдарының мәліметтерімен толық дәлелденді.
Нәтижесінде, сот ер адамды ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Қаулы заңды күшіне енді.