Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі болған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында болып, төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, бүлінген нысандарды аралады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.
Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл, бұл Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.
"Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық еткен оның құрамына азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың өкілдері кірді.Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Аудандардағы нысандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Төтенше жағдай салдарынан Меркі аудандық орталық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының ғимараттарында және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үйдің асханасында қабырға жарықтары анықталған.

Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс ауылындағы 6 баспананың, ауылдық мектептің, Қарақыстақ ауылдық округінің Каменка ауылындағы мәдениет үйінің қабырғаларында жарықтар пайда болған.

"Арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келтірілген шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді. Оның құрамына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының өкілдері кіреді.Аудандардағы нысандарды мамандар аралап, ахуалды көзбен көрді. Меркі ауданында айналма жолдарға 55 адам, 33 техника, Т.Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды", - деп жазылған хабарламада.
45 елді мекен зерттелген.
Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйымдастырылған. Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай су қоймалары қалыпты жұмыс істеп тұр.
Полиция мен ТЖД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр.
8(7262)513575 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылған.