Әлеуметтік желіде Томирис патшайымның киімін киген емшінің мектепке барған видеосы тарады. Бейнежазбада оның Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде ұрандатып келе жатқанын байқауға болады. Бұл көрініс көпшіліктің ашуын тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлемжеліде тараған мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылында Гүлсара Суазқызы келіп кеткеннен кейін дау шыққан. “Томирис” есімімен танылған емшіні күтіп алу үшін мұғалімдерден 4 мың теңгеден жинаған. Ал жергілікті тұрғындар сол қаражатпен оған құрмет көрсеткен.
Көпшіліктің сынына іліккен оқиғаға қатысты Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат пікір білдірді.
“Қонақтарды күтіп алу, жатар орынға жайғастыру, дастархан шығындарына аудан әкімдігінің де, біздің де еш қатысымыз жоқ”, - деп жауап берді ауыл әкімі Тuraninfo.kz агенттігінің журналистері жолдаған сауалға.
Ал мектеп басшылығы ұстаздардан емшіні күтіп алу үшін ақша жиналғанын растады. Оның құрметіне орай мектеп тарапынан “Туған жерге тағзым” — “Мектепке жол!” республикалық қайырымдылық акциялары аясында іс-шара ұйымдастырылған.
“Томирис” лақап атын еншілеген емші өзін ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мишель Нострадамус атындағы Проскопия ғылымдарының академигі деп таныстырған.
Осы тұста Dalanews белгілі журналист Гүлмира Әбіқайдың жазбасына да назар аударды. Оның айтуынша, бақсының 4 метрлік шлейфі бар көйлегін оқушылар көтеріп жүрген. Ең қызығы ол мектепке көмектесемін деп, оның орнына мектепке жыртылған киім, сынған ойыншықтар мен іске жарамайтын компьютер берген көрінеді.
Жамбыл облысының Білім беру басқармасы аталмыш жағдайға байланысты толыққанды тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектеп басшылығының мәліметінше, мектеп түлегі Көпбаева Гүлсара Суазқызы аз қамтылған отбасынан шыққан 100 оқушыға қайырымдылық жасайтынын айтқан. 29 тамызда Тереңөзек ауылындағы Мәдениет үйінде "Туған жерге тағзым" атты акция өткен. Онда ауыл тұрғындары да қатысқан. Бұл дерек бойынша Білім басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр және қажет шара қабылданатын болады", – делінген ресми ақпаратта.