Кездесу кешінің мақсаты, «Жамбыл-менің жай атым, халық менің шын атым» деген ұлы тұлға Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармшылығын оқырман қауымға кеңінен таныстырып, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жыр дүлділінің шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі алатын орны мен маңызын түсіндіру. Сондай-ақ Жамбыл атаның тікелей ұрпақтары немере-шөберелерімен, жамбылтанушы, ақын, жазушы сынды еліміздегі еңбегі елеулі азаматттармен сұхбаттасу, қазақ халқының маңдайына біткен аса дарынды жыршы, жыр алыбы Жамбыл Жабаев шығармашылығын дәріптеу мен ақын шығармаларын оқырман қауымға кеңінен насихаттау болды.
Кездесу кешінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын, жазушы, журналист, Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, баспагер, Халықаралық Жамбыл қорының төрағасы Манарбек Ізбасаров, Жыр дүлділінің шөбересі Мұратхан Жамбылов, «Айтұмар» баспасының директоры Алмас Қабдыкаримов және де кездесу кешінің қонақтарымен дидарласып, сұхбаттасуға келген ақсақал Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Қабдолдин мырзалар құттықтау сөз сөйледі.
Кеш барысында Халықаралық Жамбыл қорының төрағасы Манарбек Ізбасаров №44 кітапхана ұжымын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, айтыс өнерінң саңлағы, дауылпаз ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын жоғарғы деңгейде атап өтуге белсене атсалысқаны үшін Халықаралық Жамбыл қорының Алғыс хатымен марапаттап, кітапханаға Жамбыл атамыздың портреті мен «Айтұмар» және «Ұлағат» баспасының Ұлы дала тұлғалары сериясының кітаптарын сыйға тартты.
Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Таубалды Сағатулла, Алатау аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ербол Қалдарбеков, Алатау дәстүрлі өнер театры директорының орынбасары Халел Баядилов тағы басқа да қонақтар Жамбыл мұрасын насихаттау жайында тұшымды мағыналы әңгімелер қозғап, және жоғарыда аталған театрдың әншісі Алтыбаев Қуаныш кештің қадірлі қонақтарына өзінің ән шашуын арнап, кешке жиналған көпшілік қауымды бір марқайтып тастады. Кездесу кеші іс-шараға жиналған қауымның көңілінен шығып, есте қаларлықтай әсерде өте қызықты өтті.
Жеңіскүл ЕРМЕКБАЕВА,
Алматы қаласы Орталықтандырылған
кітапхана жүйесінің
№ 44 кітапханасының меңгерушісі