14 жылға сотталған Жәкішев жазасының 10 жылын өтеген болатын. Сот сонда да илікпеді.
Соттың мәліметінше, Жәкішев бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша айыпты деп танылған. Атап айтқанда, бөтеннің мүлкін ұрлау, пара алу, алаяқтық жасау, қызмет бабын асыра пайдалану, құжаттарды қолдан жасау сынды баптармен сотталып, оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.
– Бұл арадағы жалпы шығын 99,6 млрд теңгені құрайды. Жәкішев келтірілген осы залалды өтемеген. Осы фактіні сот назарға ала отырып, оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға түрткі болды, – деп атап өтті соттағылар.
Бұл орайда Жәкішевтің «Қазатомпромдағы» әрі әріптесі, әрі үзеңгілесі болған Ғалым Назаровтың Мұхтар қамауға алынған алғашқы кездегі сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. «Жас Алашқа» жедел сұхбат берген Ғалым Назаров «Мұхтар Жәкішевтің жазығы жоқ» деген болатын.
– Ғалым Бағдатұлы, біреулер «М.Жәкішев қамауға түсті» дейді. Бас прокуратура өкілі болса, «біз ештеңе білмейміз» деді. Сізге осы істің жайы белгілі ме (сұхбат жексенбі күні алынды)?
– Өкінішке карай, Мұхтарды қамауға алғаны рас.
– Сонда Мұхтар Жәкішевті кім ұстаған?
– Менің білуімше, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында жатыр.
– Не үшін қамауға алынған?
– Экс-депутат Т.Квятковскаяның мәлімдемесі бойынша ұстаған секілді.
– Сіз осы компанияда қашаннан бері жұмыс істейсіз?
– 2001 жылдан бері.
– Демек, «Казатомпромның» қызметін бір кісідей білесіз ғой. Өзіңіз Т.Квятковскаяның мәлімдемесін қалай қабылдадыңыз?
– Мен компанияның қаржы департаментінде қызмет етемін. Вице-президенті емеспін. Басшылықтағылар білетін бар ақпаратты біле бермеймін. Дегенмен Т.Квятковскаяның мәлімдемесінде түйірдей негіз жоқ. Бос сандырақ десе де болады.
Неге десеңіз, екі жыл бұрын компанияда кешенді түрде тексеру жүрді. Дәл осы Т.Квятковскаяның тура осы мәлімдемесі бойынша.
Қаржы, Есеп комитетіндегі аудиторлық тексеру, ҰҚК, прокуратура секілді түрлі мемлекеттік орындары жүргізген бұл тексеріс бір жылға созылды. Осы тексерістерде компанияда ешқандай заңсыздықтың болмағаны анықталды.
Компанияда жеке адамдардың акциясы болған емес. Қазір де компанияның 100 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорының қолында.
Яғни жер қойнауына шетелдіктердің келуі жоғарғы басшылықтың рұқсатымен ғана жүзеге асады. «Қазатомпром» өз қалауы бойынша мүлкін әркімге бөліп бере салатын жекеменшік компания емес. Бізде директорлар кеңесі бар. Құрамына үкіметтің, тиісті министрліктердің басшылары кіреді. Табыстың барлығы сол кеңесте талқыланады.
Іс-әрекетінің бәрі мемлекеттің қадағалауындағы компанияның басшылығын ғана қудалап, айыптау ақылға сыймайтын қылық. М.Жәкішев барлық уақытта компанияның жүзеге асыратын бар жұмысын жоғарғы жақпен ақылдасып шешті. Өз бетінше әрекет еткен емес. М.Жәкішевтің ешқандай кінәсінің жоқтығына сенімдімін. Және экс-депутаттың мәлімдемесін аққа күйе жағу деп білемін.