Израиль мен Түркия Сирияға байланысты бір-біріне қатаң ескерту жасады

Израиль мен Түркия Сирияға байланысты бір-біріне қатаң ескерту жасады
interrafairs.com

Израиль мен Түркия Сириядағы әскери жағдайға байланысты бір-біріне қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тараптар арасындағы шиеленіс Израильдің Сириядағы Әбу әд-Духур әскери әуе базасына жасаған соққысынан кейін күшейді.

Reuters мәліметінше, Израиль Түркияны Сириядағы «қауіпті әрекеттерден» бас тартуға шақырды. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Анкараның Сириядағы әскери белсенділігін Израиль қауіпсіздігіне қатер деп бағалап, Тель-Авив мұндай қауіпке жол бермейтінін мәлімдеді.

Израиль билігінің нұсқасы бойынша, Сирия Әбу әд-Духур базасына түрік әскери күштерін орналастыруға дайындалып жатқан. Тель-Авив мұны қалыптасқан қауіпсіздік тәртібін бұзу деп санап, осыған байланысты базаға соққы бергенін мәлімдеді.

Алайда Түркия бұл айыптауларды жоққа шығарды. Анкара Израильдің Сирияға жасаған әуе шабуылдарын «абайсыз» әрекет деп атап, Тель-Авивті шабуылдарды тоқтатуға шақырды. Түркия Сыртқы істер министрлігі Израильдің Сирия инфрақұрылымына соққы беруі елдің аумақтық тұтастығын бұзатынын мәлімдеді.

Reuters мәліметінше, Сирия билігі де Әбу әд-Духур базасында тұрақты түрік әскери базасын құру жоспары болмағанын растады. Дамаск нысан Сирияның бақылауында қалатынын және ондағы жұмыстар Сирия әскери-әуе күштерінің қажеттілігі үшін жүргізілгенін мәлімдеді.

АҚШ тараптары арасындағы шиеленісті азайтуға тырысып жатыр. АҚШ-тың Сирия жөніндегі арнайы өкілі Том Баррак Израиль, Түркия және Сирия арасында әскери байланыс арнасын құру қажеттігін айтқан. Оның пікірінше, мұндай механизм күтпеген қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Израиль мен Түркияның арасындағы келіспеушілік Сириядағы билік ауысқаннан кейін Анкара мен Тель-Авивтің аймақтағы ықпалы үшін бәсекелестігінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Түркия Сирияның жаңа билігімен әскери ынтымақтастықты кеңейтіп жатса, Израиль Дамасктің әскери әлеуетінің күшеюіне және Анкараның Сириядағы ықпалының артуына алаңдап отыр.