«Іскер ұстаз» республикалық байқауы өтті

Dalanews 06 қаз. 2023 08:09 113

Ұстаздар күніне орай Білім мазмұнын дамыту институтының бастамасымен «Іскер ұстаз» республикалық байқауының марапаттау салтанаты өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоба қыркүйек айында бастау алған. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 100 ұстаз қатысты. Солардың ішінен іріктеліп, 50 ұстаз ақтық мәреге жетті.

Жобаның қайнар көзі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023 жылдың Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде «1000 көшбасшы» кадрлық резерв жобасынан басталды. Осы жоба аясында орта білім беру ұйымдарындағы, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың жасаған жұмыстарын көрсетіп, атқарған игі істерін елге таратып, кадрлық резерв құрамына кіретіндей іскерлігін көрсету «Іскер ұстаз» республикалық байқауының негізі мақсаты еді.

Сол мақсат жетегінде орта білім беру ұйымдарының ұстаздарына 2 кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылды. Байқау шарттары мен талаптарын нақты орындаған 50 ұстаз қорытынды кешке шақырылды.

Салтанатты марапаттау кешіне белгілі ғалым «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы п.ғ.д., профессор Нұрша Оразахынова, «Академиялық жазылым» еңбегінің авторы, ғалым филология ғылымдарының кандидаты Еділбай Оспанов, «Өрлеу» БАҰО республикалық кәсіби даму институтының аға оқытушысы, п.ғ.м., тренер Салтанат Арзымбетова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, п.ғ.м. Сәуле Булабаева қатысты. Марапаттау кешіне қатысқан ғалымдар мен әдіскерлер қатысушы ұстаздарды мерекесімен құттықтап, үздік танылған ұстаздарға «Іскер ұстаз» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар жеңімпаз атанған 1 мұғалімге Дубайға жолдама берілді.

Іс-шараны қорытындылаған институт директоры Бауыржан Айткаримов барлық қатысушыларды құттықтап, 2024 жылғы болатын «Іскер ұстаз» республикалық байқаудың бұдан да биік дәрежеде өтетінін атап өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар