Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) АҚШ-тың Ларак аралына жасаған соққысына жауап ретінде Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі америкалық әскери базаларға шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
ИРСК таратқан ақпаратқа сәйкес, Иордания аумағындағы «Король Хусейн» және «Әл-Азрак» әскери базаларына баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы берілген.
Сондай-ақ ирандық әскери күштер Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Әл-Минхад» әуе базасына дрондармен шабуыл жасалғанын хабарлады. Иранның Press TV телеарнасы ИРСК мәлімдемесіне сілтеме жасап, операцияның негізгі мақсаты америкалық тікұшақтар мен әскери қызметкерлер орналасқан нысандар болғанын жеткізді.
Өз кезегінде Иордания билігі елдің әуе қорғанысы күштері түн ішінде мемлекеттің әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранды жойғанын мәлімдеді. Әзірге шабуылдардың салдары мен зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт шиеленісуі өңірдегі қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.