Алматы облысының әкімдігі Есік көліндегі бөгетті мемлекет меншігіне қайтарып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңір әкімдігі инвестордың нысанды қауіпсіз пайдалану және жаңғырту жобасын іске асыру жөніндегі міндетін орындамауына байланысты Есік көліндегі бөгет бойынша Habel ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартын бұзған.
Есік көліндегі бөгет, оған іргелес жатқан аумағы 140 гектардан асатын стратегиялық маңызы бар гидротехникалық нысан ұзақ жыл бойы күрделі жаңғырту мен кешенді қалпына келтіру жұмыстарын қажет етіп тұр. Сондықтан 2024 жылдың соңында ашық тендер қорытындысы бойынша бөгет пен оған іргелес аумақ сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге Habel серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген.
Алайда жүргізілген тексеріс нәтижесінде шарт талаптары сақталмағаны анықталды.
"Қазір нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанға қатысты алдағы шешімдер қауіпсіздік талаптары мен мемлекеттік мүддені ескере отырып қабылданады", - деп жазылған хабарламада.