ІІМ Алматыдағы апат бойынша күдікті мас болғанын мәлімдеді

Самал Асқар 26 нау. 2026 21:33

Алматыдағы резонансты жол-көлік оқиғасы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды, деп хабарлайды DalaNews.

ІІМ мәліметінше, апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті жүргізушіге қатысты сот санкциясымен қамау шарасы қолданылған.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жүргізуші апат кезінде жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болған.

Сонымен қатар, министрдің тапсырмасымен қызметтік тексеру басталған. Оның объективті өтуі үшін Алматыға ішкі қауіпсіздік департаменті, әкімшілік полиция комитеті және кадр жұмысы департаментінің басшылары жіберілген.

ІІМ сондай-ақ мемлекеттік нөмір белгілерін заңсыз беру фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұдан бөлек, полиция басшылығының бір өкіліне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Анықталған кемшіліктерге байланысты бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды.

ІІМ барлық мән-жай жан-жақты тексерілетінін және қажет болған жағдайда жауапкершілікке тек тікелей қатысушылар ғана емес, сонымен қатар әрекеті немесе әрекетсіздігі арқылы жағдайға ықпал еткен лауазымды тұлғалар да тартылатынын мәлімдеді.

Сонымен бірге, министрлік азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы полициясы күдіктіден алынған сараптама нәтижелері күтіліп жатқанын мәлімдеген еді. Ал ІІМ өз кезегінде жүргізушінің мас болғанын растады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove