Ыбырай Алтынсариннің ағартушының қоғамдық-саяси қызметі

Dalanews 28 ақп. 2017 17:17 10983

1868 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты.

Бұған риза болмаған байлар оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің аркасында ақталып шықты. Ол өзінің халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады.

Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...» Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің үшан- теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті.

Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атты төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның қүрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп түрады. Мұғалімдердің Ы. Алтынсарин туралы жазған хаттарынан : «Марқұмның мен қазақ даласында болған кезімдегі бүкіл өмірі өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арналды. Ол халық өмірінің қалай бет бұрып бара жатқанын мұқият бақылап отырды және оны терең түсіне білді... Мұғалімдерге қатаң талаптар қойды, әрбір іске барынша ұқыпты қарауды талап етті, ол өз міндетіне жүрдім- бардым қарап, жұмысты шала-шарпы орындайтындарды қатаң жазалап отырды.

Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. Ол өзінің шын жүректен шыққан тартымды әңгімелері арқылы мұғалімдерді оқу ісіне шын ниеттерімен құлшынып, адал еңбек етуге жұмылдыра білетін. Жұрттың көз алдында бізді соншалықты жоғары бағалайтын, өзгелерді мұғалімдерге ең адал ниетті азаматтар ретінде зор құрметпен әрі мақтанышпен қарауға мәжбүр етті. Ол әрдайым қасынан мұғалімдерді қалдырмай, өзімен бірге ертіп ала кететін, оларсыз сапарға сирек шығатын. Ол әсіресе жас қазақ мұғалімдеріне ерекше қамқорлықпен сүйсіне қарайтын... Оны мұғалімдер де жанындай жақсы көретін... Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Онымен қашан болса да, қандай мәселемен болса да емін-еркін ашық сөйлесуге, ақыл-кеңес сұрауға мүмкін еді. Қашан болса да ақ көңіл адал ниетімен ақылын айтуға, тіпті нақты ісімен көмектесуге әрқашан әзір тұратың. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын.

Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Орыс тұрғындары да оған қайырымды да әділетті адам ретінде сый-құрметпен қарайтын. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын... (Мұғалім Ф.Д. Соколовтың естелігінен)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар