«HAS» ісі ушыға түсті: 1,2 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді

Самал Асқар 08 қаң. 2026 11:34

Павлодар облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі «HAS» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтардың арыздары негізінде жаңа эпизодтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Агенттік мәліметінше, бұған дейін сот қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу үшін салымшылардың қаражатына сатып алынған, жалпы құны 1,2 млрд теңгеден асатын мүлік өндіріп алуға жіберілген.

Тәркіленген активтердің қатарында 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, тұрғын емес үй-жай және банк шоттарындағы ақшалай қаражат бар. Осы уақытқа дейін сот орындаушылары жәбірленушілерге 300 млн теңге көлемінде төлем жүргізген.

Қазіргі таңда жалпы шығын сомасы 821 млн теңгеден асатын 125-тен астам жәбірленушіден арыз түскен.

Тергеу барысында салымшылардың ақшасына елорда аумағында орналасқан, құны 525 млн теңге болатын жер учаскелерімен бірге A.D.A.M. group ЖШС сатып алынғаны анықталған. Аталған мүлік оны жасыру мақсатында үшінші тұлғаның атына рәсімделген. Сот санкциясымен бұл активтерге тыйым салынды.

2026 жылғы 6 қаңтарда күдіктілердің әрекеттері қайта сараланып, оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, қаржылық пирамиданы ұйымдастыру және жарнамалау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру баптары бойынша айып тағылды.

Тергеу жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі «HAS» қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтарды аумақтық бөлімшелерге жүгінуге шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар