Halyk Bank Қытай туристері үшін QR WeChat арқылы жаңа төлем жасау әдісін енгізді

Кәмшат Тілеухан 15 сәу. 2025 17:34 380

Halyk Bank Қытайдың танымал WeChat — QR WeChat мессенджерін қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың жаңа әдісін іске қосты. Енді қазақстандық кәсіпкерлер WeChat Pay қосымшасында банктің POS-терминалдарында сканерленетін әмбебап QR-код арқылы Қытай азаматтарынан төлемдер қабылдай алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытайлық туристерге, қазақстандық саудагерлерге де жақсы

Төлем жасау үшін смартфоннан WeChat Pay-ды ашып, QR кодты сканерлеп, транзакцияны растау жеткілікті. Төлемдер Halyk Bank процессингі арқылы тікелей жүзеге асырылады, бұл жоғары жылдамдыққа, қауіпсіздікке және қосымша төлемдердің алынбауына кепілдік береді.

"Біз қытайлық туристерге тауарлар мен қызметтерді есептеудің таныс және қолжетімді әдісін ұсына отырып, төлем жасауды жеңілдетуге тырысамыз", — дейді банктегілер.

Қызмет қазірдің өзінде еліміздің бірқатар сауда нүктелерінде сәтті қолданылуда. Оны қосу үшін кәсіпкерге Halyk Bank-тен ашқан есеп айырысатын шоты мен POS-терминал болуы қажет.

Айта кетсек, WeChat Pay - Қытайдағы ең танымал цифрлық төлем шешімдерінің бірі. 2023 жылы платформаның белсенді пайдаланушылары бір айда 900 миллионнан асты, ал WeChat экожүйесінде бүкіл әлем бойынша 1,3 миллиардтан астам қолданушы бар. Бұл сервис қызметіне ірі компаниялар, сол секілді жеке саудагерлер тарапынан да сұраныс жоғары. 

Сауда соғысы жағдайында Қытай тауарлары Қазақстанға лап қоюы мүмкін бе?

Жалпы, қазір тарифтер қақтығысы жағдайында мамандармен әлемдік экономиканың рецессияға түсуі, Қытай экономикасының бәсеңдеуі болжануда. Ең бастысы, тариф қақтығысы деген бұрын межелі тауар жеткізілім бағыттарын бұзып-жаруда. Мәселен, 145 пайыздық баж салығынан соң Қытайға АҚШ-қа тауар экспорттау тиімсіз болып қалуда. Тағысын тағы дегендей. Яғни, бұған дейінгі әлем елдері тауарларының айқын жеткізілім бағыты қазір қиян-кескі түсініксіз жағдайға ұшырауда. Соның ішінде "Қытай АҚШ-қа өтпеген өз тауарын Қазақстанға лақ еткізуі мүмкін бе" деген қауіп те бар. Қалай дегенмен де ірі өндірушімен іргеде отырғандықтан Қазақстанға, әрине мұндайда қол жайып қарап отыруға болмайды. Сауда құралдарын өрістету маңызды. АҚШ Қытай тауарлары қозғалысын "бұғаттап", барлық есікті жабуға тырысып жатқанда, әрине жағрафиялық жағынан ыңғайлы орналасқан Қазақстан басқа әлем үшін ұрымтал "терезе" іспетті көрінуі мүмкін. Әрине, осы жағынан алғанда, онлайн-сауда, цифрлық төлем құралдарын өрістету арқылы бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымызға болады. Бірақ, мұның артында экспанция тұрғанын ұмытпаған жөн. Мамандар да Қытайдан Қазақстанға экспортталатын тауарлар көлемі алда кемінде 20 пайызға артатынын болжауда. Мұндайда тұтынушыға жақсы, баға төмендейді, ал отандық өндірушілер үшін өте қиын, бәсекелестік күшейеді.

Қазақстан онсыз да Қытаймен "Бір белдеу – бір жол" бастамасы шеңберінде тығыз экономикалық байланыста. Жағрафиялық жағынан да Қазақстан қытай экспортының потенциальды бенефициары іспетті. Екі ел арасындағы транзит жылдан жылға артып келеді: Қорғас құрғақ порты, Алтынкөл теміржол дәлізі және "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жолдары арқылы. Ал, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарайналым көлемі 43,8 млрд долларды құрайды.

Ең бастысы, бүгіндері Қазақстан шетелдік сауда онлайн-платформаларға Қазақстанда тіркелуді міндеттеп, алым-салық төлете алуда. Бірақ олардың қызметтеріне тәуелді болу да жақсылыққа апайрмайды. Сондықтан бізге өзіндік электронды сауда алаңдарын құрып, төлем құралдарын өрістеткені абзал.

Қазақстанға Қытай тауарлары ғана емес, қызметтердің де келу ықтималдылығы жоғары 

Сондай-ақ бұл арада турист сөзі де бекерден бекер айтылмай отыр деп ойлаймыз. Өйткені Қытайда адамдар жұмысын цифрлық өнімдер басқалы қай заман? Яғни, көп жұмысты аспан асты елінде құлтемірлер атқарады. Оның үстіне экономика баяулап, тағы жұмыс орындары қысқарса, тауармен қоса адамдардың өзі де елімізге жетіп алуы ғажап емес. Мәселен, бүгіндері халқы тығыз Алматыда такси болып жүрген Қытай азаматтарын кездестіруге болады. Олар құрылыс саласында да төбе көрсете бастапты.

Құрылыс нарығындағы қызмет бағасы түсіп кеткенін бізге айтқан алматылық бригадир Талғат бұл жайтты растайды. Оның айтуынша, бағаның түсуіне сырттан келген жұмысшы күшінің әсері бар.

"Соңғы кездері тәжік азаматтар қаптап кетті. Бағаны солар түсіріп жатыр.  Одан кейін қытайлар да бар. Олар бағаны ғана емес, мерзімді де қысқартуда. Мысалы, менің бригадам "үш айда бітіремін" деген жұмысты олар бір айда жасайтындарын айтады. Солай жасайды да. Өйткені адамды қаптатып жібереді. Мен жұмысшы санын 10-нан асыра алмай жатсам, олар 50 адамды бір-ақ әкеліп "төгеді". Содан кейін де, әрине жұмыстары тез бітеді", - дейді ол.

Осы жағынан алғанда, Halyk Bank қолға алып жатқан шара бүгінгі күннің талабынан туындаған дүние деп айтсақ та болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар