Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа кетті

Көркем Алдабергенова 02 мам. 2024 09:38 2355

Антикор Гүлмира Сатыбалдыға қатысты істі сотқа жіберді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Агенттік Гүлмира Сатыбалды мен басқа да адамдарға қатысты кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр зардаптарға әкеп соққан өзін-өзі басқару күдігі бойынша тергеуді аяқтады.

Қазіргі уақытта процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуды аяқтады.

Алматы қаласы тергеу сотының санкциясымен Гүлмира Сатыбалдыға қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жолданды.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Бұған дейін де Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайына қатысты істі тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысқаны белгілі болды. 

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалды мен басқа адамдарды Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса" - еск.), 194-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы ("Қорқытып алу, аса iрi мөлшерде жасалса" - еск.) және 389-бабы, 4-бөлігінде ("Өзiнше билiк ету, осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер" - еск.) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасады деген күдік бойынша тергеуді аяқтады", - деп хабарлады сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Айта кетейік, Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Оның ісі бойынша сотталушылар орындығында 7 адам болды. Олар 198-баптың 4-бөлімі 2-тармағы бойынша алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін айыпталды.

2018-2020 жылдар аралығында Сатыбалды Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын жылыту жобасы бойынша жұмыстарды орындамаған, сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырған. Сотталушылар Д. және Б. қызметтік жағдайын пайдаланып, аяқталмаған жұмыстарды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған.

Сотталушылардың іс-әрекеттері салдарынан 441 миллион теңге көлемінде залал келтіргені айтылды.

Сотталушы С. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қалған сотталушылар 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 441 миллион теңге мемлекетке қайтарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар