Грузиядағы қонақүйде ресейлік туристі соққыға жыққан күдікті ұсталды

Грузиядағы қонақүйде ресейлік туристі соққыға жыққан күдікті ұсталды
Кадр: Время Свободы

Грузияның Кахетия өңіріндегі қонақүйде ресейлік туристке шабуыл жасады деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Agarani Estate қонақүйінде болған. Ресейден келген бірнеше әйел құрбысының туған күнін атап өту үшін қонақүйге тоқтаған. Олардың айтуынша, бөлмесінің балконында шампан ашып тұрған сәтте бейтаныс ер адам ішке басып кіріп, олардың бірін бет тұсынан ұрып жіберген. Салдарынан әйелдің мұрны сынып, ауруханаға жеткізілген.

Ал Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жанжалға туристердің өздері себеп болған. Ведомствоның нұсқасы бойынша, олар қонақүй аумағында өтіп жатқан үйлену тойының қонақтарын балағаттап, музыкалық құрылғыларға су шашқан.

Алайда туристер бұл айыптаулармен келіспейді. Олар өздеріне шабуылдың себебі орыс тілінде сөйлегендері болғанын айтады. Сондай-ақ қонақүй қызметкерлері шабуыл жасаған адамға олардың бөлме нөмірін айтып бергенін және оқиға қоғамда кеңінен талқылана бастағаннан кейін әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттағанын мәлімдеді.

Күдікті полицияның қолына түсті. Егер кінәсі дәлелденсе, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.