Грузия алғаш рет Қазақстаннан мұнай сатып алды

Грузия алғаш рет Қазақстаннан мұнай сатып алды
ЖИ: dalanews

Грузия 2026 жылдың шілде айында Қазақстаннан алғаш рет мұнай импорттады. Жеткізілген мұнай көлемі 5,5 мың тонна болып, оның жалпы құны 3,2 миллион доллар болған. Осылайша қазақстандық мұнайдың бір тоннасының орташа бағасы шамамен 582 долларды құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Салыстыру үшін айтсақ, сол айда Грузия Ресейден 87,4 мың тонна мұнай сатып алған. Ресейлік мұнай импортының жалпы құны 36,4 миллион доллар болып, бір тоннасының орташа бағасы 416 долларды құраған. Бұл қазақстандық мұнайдан шамамен 166 долларға арзан.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мұнайы алдағы уақытта Ресейден келетін жеткізілімдерді алмастыратын баламалардың бірі болуы мүмкін. Өйткені 2027 жылдың 25 қаңтарынан бастап Грузиядағы Кулеви мұнай өңдеу зауыты Еуроодақтың 21-санкциялар пакетінің талаптарына сәйкес ресейлік мұнайды өңдеуден бас тартуы тиіс.

Сонымен қатар зауыт шикізат жеткізудің өзге бағыттарын да қарастырып жатыр. Тамыз айында Ливиядан мұнай импорттау жоспарланған. Бұған дейін кәсіпорынның Қазақстан мен Түрікменстаннан мұнай жеткізуге қызығушылық танытып отырғаны хабарланған.