Грекия билігі Гидра аралындағы орман өртіне Қазақстаннан келген туристердің қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Олар тілсіз жаудың тұтануына қайықтан ұшырылған отшашу себеп болды деген болжам жасауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Персефоне” кемесінің капитаны және 12 экипаж мүшесі жұма күні түнде болған өртке байланысты айыпталып отыр. Бұл туралы Грекия агенттіктері мәлім етті.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматтардың ұсталмағанын және оларға қатысты ешқандай талап-арыз болмағанын хабарлаған болатын.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров болған жайтқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.
“Қазақстанның консулы бұл ақпарат жарияланғаннан кейін осы іске қатысты бірден Грекия билігіне хабарласты. Полицияның мәліметіне сәйкес, ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ және оларға ешқандай да талаптар қойылмаған”, - деген ақпаратпен бөлісті Айбек Смадияров.
Proto Thema грек газеті, жұма күні өрт шыққаннан кейін 17 қазақстандық жолаушы отырған “Персефон” қайығы сенбі күні таңертең теңіз кемежайына бет алғанын жеткізді.
“Гидра өрті аралға қауіп төндірді, 300 акр жер өртеніп кетті. Біздің өрт сөндірушілер оны ауыздықтауға күш салды. Іс Пирей прокуратурасының қарауында және нақты не болғанын анықтау керек”, - деді Грецияның климаттық дағдарыс және азаматтық қорғау министрі Василис Кикилиас.
Еске сала кетейік, бұған дейін Грекияда туристер яхтаны жалға алып, отшашу атқан. Сол кезде аралдың бір бөлігі тұтанып, Гидраның шалғай аймағындағы қарағайлы орман өртіне ұласқан. Тұрғындар бұл оқиғаға наразылығын білдірді.
Бірнеше жергілікті БАҚ өртке қазақстандықтардың қатысы барын хабарлады.