Головкин: «Олар мені допингке бес рет тексерді»

Dalanews 16 нау. 2017 03:04 766

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (VADA) ұйымдастырған допинг-сынамаларға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Sports.kz Boxingscene.com сайтына сілтеме жасап.

– Әрине, барлығына таза жауынгер екенімді көрсеткім келеді. Бокс спорттың таза түрі болуы тиіс. Олар мені бес рет тексерді. Меніңше, әрбір боксшы осылай жасауы тиіс. Алға, жігіттер! – деді Головкин.

Еске салайық, 18 наурыз күні Нью-Йорктің Madison Square Garden аренасында Головкин америкалық боксшы Дэниел Джейкобсқа қарсы жекпе-жек өткізеді. Қазақстандық телеарналар айқасты тікелей эфирден көрсетеді.  Қазақстандық спортшы бұдан кейінгі кездесуін Қазақстанда өткізгісі келетіндігін айтқан болатын. «Жекпе-жекті үйге алып келгім келеді, себебі, оны әрқайсысы өз көзімен көруді қалайды, тарих үшін. Бұл керемет қой, адамдар мұны сезінгісі келеді. Мен өз халқымды қатты құрметтеймін. Олар мені ұдайы қолдап отырады, бұл өте маңызды», – деп атап өтті Головкин.

Бірақ жекпе-жектің болжалды уақыты мен GGG ықтимал қарсыласы туралы әзірге айтылмауда. Кейбір БАҚ-тар бұл кездесуде Головкиннің қарсыласы WBO белбеуінің иегері британдық Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) болуы мүмкіндігін жазған еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Геннадий Головкинмен кездесіп, онымен ЭКСПО-2017 көрмесіне орай бокс-ивент өткізу мүмкіндігін талқылады. Кейін бұл мәселені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да көтерген еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар