Goldman Sachs: Қазақстанда қараша айында да инфляция күшейеді деп санаймыз

Кәмшат Тілеухан 05 қар. 2024 16:07 1737

Goldman Sachs Group қазан айындағы қорытындыдан кейін Қазақстан бойынша инфляцияның болжамды жылдық деңгейін қайта қарастыруға мәжбүр болғандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазан айында жылдық инфляция көрсеткіші 8,3%-дан 8,5%-ға дейін өсті, осылайша ол бұған дейінгі болжамымыздағы көлемнен (8,2% және консенсус болжамы - 8,1%) асып түсті", деп хабарлайды Goldman Sachs.

Мұндай өсімге, шетелдік қаржы институты, негізінен, қызмет көрсету секторы түрткі болды, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар аздап әсер етті деп санайды.

"Алдын ала жарияланған деректер болғандықтан, бұл ретте егжей-тегжейлі талдау әлі ұсынылмаған, бірақ біз қызмет көрсету саласындағы инфляция өсімі (13,6% - дан 14,4% - ға дейін) реттелетін және нарықтық тарифтерге байланысты қалыптасты деп санаймыз. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша да инфляция қазан айында екпін ала түсті, бұл осы айдағы ұлттық валютаның әлсіреуімен ішінара байланысты. Азық-түліктің жылдық инфляциясы төмендеді, бірақ оның динамикасы Қазақстандағы егін жинау науқаны аясындағы әлемдік бағаның өсуіне байланысты қарқын алды", деп болжайды Goldman Sachs.

Әлемге әйгілі инвестициялық банк Қазақстанда инфляциялық қысым қараша айында да жоғары болатынын, бұл электр энергиясы тарифтерінің кезекті рет көтерілуіне байланысты орын алатынын бажайлайды.  

"Күтпеген өсімді ескере отырып, біз 2024 жылдың соңындағы жылдық инфляция көлемі бойынша болжамды 7,6% дан 7,9%-ға дейін көтеріп, қайта қарастырдық", - дейді Goldman Sachs.

Қазан айында базалық сыйақы мөлшерлемесін сол күйінде қалдыру туралы шешімінен кейін Ұлттық банк оны одан әрі төмендету үшін базалық инфляцияның тұрақты түрде төмендегені және бюджет тапшылығын қаржыландыру бойынша "тиімді және жүйелі шешім" қажет екенін айтқан болатын.

"Аталған екі тармақ бойынша да ілгерілеудің байқалмауына байланысты, біз ҚР Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін жыл соңына дейін ғана сол күйінде сақтауға тырысады деп болжаймыз", деп түйіндейді өз талдауларын Goldman Sachs.

Алдында Ұлттық статистика бюросы қазан айындағы инфляция көрсеткішін жариялаған болатын. Оған сәйкес, жылдық инфляция көрсеткіші үдеп, қазан айының қорытындысы бойынша 8,5%-ды (қыркүйекте – 8,3%) құрады, ал ай бойында 0,9% қамтыды (өткен айда – 0,4%). Жылдық инфляция көрсеткішіне өткен аймен салыстырғанда тұрғын үй қызметтері (2,1%), азық-түлік және алкогольді өнімдер (1,9%), киім-кешек пен аяқ-киімдердің бағасының (1%) өсімі айтарлықтай ықпал еткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар