Германияға үйрене алмай, Қарауылға қайтып келген Шенимандар әулеті туралы бір үзік сыр

Dalanews 05 там. 2021 07:25 977

 Хакім Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында ақынның кіндік қаны тамған, алыптардың мекеніне барудың сәті түсті.  Жол бойы қарасаң көзің тоймайтын кең байтақ жеріміздің әсем табиғатын тамашалап, сайын даланың самал лебімен кең тыныстап келемін.




Қасымдағы жол серігім - Қарауылдың тумасы Нәубет ақсақал да жан-жаққа көзін жүгіртіп, осынау өлкенің тарихымен мені таныстыруда.

«Мынау Қасқабұлақ деген шағын ауыл. Осы жерде қазақтың бас ақыны Ибраһим дүниеге келген. Ал  алдымызда  көрініп  тұрған анау қыраттың етегінде Бөрлі деген ауылда Абайды бүкіл әлемге паш еткен заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өлке» -деді.

Әсіресе, Нәубет ақсақал: «Сонау ашаршылық жылдары, одан кейін Сталиндік репрессия кезінде кең байтақ жеріміз қанша ұлт пен ұлысқа мекен болды. Құшақын айқара ашқан, бауырына басқан, қазақтай дархан ел бар ма, шіркін» деп атамыз бір оқиғаны еске алды.

«Жер аударылып келген жұртқа қорған болып, бір үзім нанды бөлісіп, тонның ішкі бауындай қараша үйде бір отбасындай өмір сүрдік. Өзіміз көрші тұрған неміс ұлтының өкілдері  Иоганнес, Элеонора Шенимандар Қарауылға тағдырдың тәлкегімен 1941 жылы келген болатын.

Сол қиын  кездері ауыл халқы құшақ жая қарсы алып, бауырға басып, пана болды. Ол кезде осында олардың  не туысы, не үйі жоқ болатын. Бірақ көрші-маңай жиналып біреуі үйін, біреуі тамағын берді. Ешкім басқа діннің өкілі немесе басқа елдің азаматысыңдар деп алаламады. Бауырларына жақын тартты. Қазақтың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін үйретті. Сөйтіп, ауылда өсіп ер жетіп, тағдырлас жандар отбасын құрып, ұрпақ өрбітті. Ауылда Иван атанып кеткен ақсақал, жарымен бірге өмір бойы жылқы бағып, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан. Әсіресе бал татыған қымыздарын кезекке тұрып алушы едік деп еске алды» Нәубет ақсақал.

Иоганнес ақсақал мен Элеонора әжей  ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 10 балаға өмір силап, солардан 31 немере, 19 шөбере сүйген, бақытты жандар еді.



«Талай қуаныштарында бірге болдық. Қыздарын қазақтың салт-дәстүрімен ұзатып, құдаларына құйрық-бауыр асатып, төс қағыстырып, әдеп-ғұрпымызға өте берік болды. Қазір қыздарының барлығы  қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығып, бір әулеттің келіні атанып,  ата-анасынан көрген игі дәстүрді өз шаңырақтарында жалғастыруда» деп, қазақ халқымен етене жақын араласып, судай сіңісіп кеткен отбасы жайлы ағынан жарылды.

 90-шы жылдардың бел ортасында ұлдарының шақыртуымен  тарихи  отанына көшіп барған Иоганнес ақсақал мен Элеонора әжей, туған жерінде көп тұрақтамады. Бес жыл өтпей жатып, «елім, жұртым» деп Қарауылға қайта оралды.


Нәубет ақсақал: «Қазақстанға келгені жайлы хабарды алғашқылардың бірі болып естідім. Қуанышым қойныма сыймай туысымдай болып кеткен ескі достарымды көруге асығып, үйлеріне бардым.

«Германияға үйрене алмай, өсіп-өнген ортам, туған отынымдай болып кеткен қазақ жерін, етене жақын араласып кеткен ауылдастарды, сіздерді сағынып, қайта біржолата көшіп келуге шешім қабылдадық. Оның үстіне бәйбішеміз екеуміз қазақтың кең даласын, ауылымызды аңсап тұра бердік, тұра бердік.



Әлі күнге дейін Қазақстаннан барған біз сияқты тағдырлас жандар, туып-өскен ортасын, ауылын, тіпті кейбіреулері сол жерде қалдырған төрт түлік малдарын сағына еске алып отырады»- деп, жасаураған көзін бір сүртіп қойып, ағынан жарылып еді Иоганнес құрдасым».

Ақсақал бағанадан бері сұхбатқа араласпай, тыңдап келе жатқан жүргізушіге көлікті тоқтатуға белгі берді. Далаға шығып, саф ауамен тыныстап, кең байтақ даламызға бір көз салып, Нәубет ата  «Иә, сайқал саясаттың кесірінен туған жерінен пана таппаған жандар қаншама!» Оның үстіне жер шарына тарыдай шашылған қазақ баласын қалай ұмыта қоямыз? Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге шет ел асып кеткен қандастарымыз орала бастады.

Алайда қазақ жерін, өзінің туған елінен артық көріп, арада жылдар салып туып өскен жерін аңсап келген Шенемандар отбасы сияқты жандар некен-саяқ.


Германияға кетерде үй жайды түгел сатып кеткен қарияларды қайта оралғанда да, өз ауылдастары өзекке теппеді. Кәсіпкерлердің бірі аудан орталығынан үй сатып әперіп жатса, ауылдастары түгел құшақ жая қарсы алып, жылы ықыластарын білдіріп жатты. Міне қазақтың жомарттығы, кең пейілділігі, қамқорлығы» деп, қараңғы түспей, Қарауылға жетіп алайық. Әлі 70 шақырымдай бар» деп көлікке отырып, Абай еліне жол тарттық.

Атамыздың Шенимандар отбасы жайлы  жол бойы айтып келе жатқан әңгімесі енді қыза түскендей болды. Бұл жанұяның өмірі қазақ халқымен етене байланысып кеткенін шежірелі қарттың әңгімесінен ақ ұқтық.

«Иоганнес пен Элеонора тойлардың сәнін келтіріп, бірі   ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі әндерімізді шырқаса, атамыз ақ батасын беріп, көпшіліктің сый- құрметіне бөленіп жүрген абайлықтардың құрметтейтін қарияларының қатарына еді. Қазақтың бай тілін судай ағызып, әдет-ғұрыпты да кейінгі жас буын өкілдеріне насихаттаудан жалықпайтын жандар болатын» деп қазақ пен неміс ұлтының достығындай болып кеткен Шенимандардың өмірі жайлы бағанадан бері сыр шертіп отырған Нәубет ақсақал көз жасына ерік беріп, тонның ішкі бауындай араласқан  қимас жандары жайлы «Олардың ғұмыры көпке үлгі-өнеге. Соңғы рет шаңырақтарына барып дәм татқанымда, «Ендігі жерде өз Отанымыздай болып кеткен Қазақстаннан ешқайда аттап та баспаймыз» –деп еді қариялар.



Тағдырдың жазуымен елімізге жер аударылып, Абай елінде еңбек етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген, халықтың құрметіне бөленген  Иоганнес ақсақал мен Элеонора әжейге қазақ елінің топырағы бұйырды. Міне балам, ғибратты жандардың өнегелі ғұмыры осындай» деп ақсақал әңгімесін түйіндеді. Кеш қарая Қарауылға бізде жеттік. Нәубет атаның жол бойы айтқан Шенемандар отбасы жайлы оқиға талайға дейін ойымнан кетпеді.

Тарихтың тәлкегімен Қазақ жерін пана тұтып, өзекке теппей, бауырына басқан, қолындағы барын берген қазақтың кең пейілдігілі мен мейірімділігін еш ұмытпай, ауылдастарымен етене жақын араласып, бір шаңырақтың астында өмір сүрген  Элеонора Шенеман 2013жылы, жолдасы Иоганнес Шенеман 2014 жылы дүниеден өтті. Қарауылдықтар жақын болып кеткен қимас жандарды әлі күнге дейін еске алады.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы


Семей-Қарауыл-Семей




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар