Германиядан Қазақстанға қайта көшкен неміс азаматының шындығы

Қаракөз Амантай 10 шіл. 2025 10:43

Әлеуметтік желіде Германия азаматының Қазақстанға қайта көшуі туралы айтқан видеосы қызу талқыланып жатыр. Онда ол неге Еуропаны емес, дәл осы елді таңдағанын түсіндіріп, өз шешімінің себебін көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, Еуроодақ елдерінің кез келгенінде емін-еркін өмір сүруге құқығы бола тұра, оның жүрегі Қазақстанға тартқан.

"Біз Германия азаматымыз. Міне, менің төлқұжатым. Әрине, Еуроодақтың кез келген еліне көшіп, қалаған жерде тұруға құқымыз бар. Бірақ мен не істедім? Мен не істедім, білесіз бе? Ақыры виза алу үшін барлық анкетаны толтырып шықтым. Бұл — шын мәнінде нағыз сынақ! Мұндай анкеталарды толтырып көргендер мені жақсы түсінеді. Қанша парақты бүлдіріп тастағанымды қараңызшы..." — дейді ол.

Оның сөзінше, мұның бәрі Қазақстанға көшу үшін жасалған қадамдар.

"Біз Қазақстанға бара жатырмыз. Өйткені бүйрегіміз үнемі сол жаққа бұрады. Біздің жанымыз сонда тұрады. Менің жаным Қазақстанда", — дейді желі қолданушысы.

Бұл видео көптің көңілінен шығып, әлеуметтік желіде қызу қолдау тапты. Желі қолданушылары кейіпкердің шешіміне жылы пікірлерін қалдыруда:

"Қош келдіңдер! Егер жан қалауың болса, демек Отаның осы жер", – дейді оқырмандардың бірі.

Тағы бір қолданушы: "Қазақ жері – жер бетіндегі жұмақ, немістер ең бір текті халықтың бірі", – деп ықыласын білдірген.

"Өте дұрыс шешім! Қазақтың жері қашан да бауырмал, неміс ағайындарды құшақ жая қарсы аламыз", – дейді келесі пікір иесі.

Сондай-ақ, желідегі жұртшылық "Тарихи Отаныңнан асқан бақыт жоқ", "Немістер өте мәдениетті, еңбекқор халық", "Жаныңа не жақын, соны таңдағаның дұрыс" деп пікірлерін жалғастыруда.

Айта кетейік, Қазақстаннан Германияға қоныс аударған этникалық немістер елге деген сағыныштарын жиі білдіріп отырады. Жақында олар әлеуметтік желіде Қазақстанға деген сүйіспеншілігін айғақтайтын әсерлі бейнежазба жариялады. Онда Германиядағы мерекелік басқосу Қазақстанның Мемлекеттік әнұранын орындаумен басталған.

Жиын барысында үстел үстіндегі торттың бетіне Қазақстан мен Германияның тулары бейнеленгені көрінеді. Ал басқосу соңында екі елдің туын біріктіріп алып шығуы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Бұл – туған жерге деген риясыз сағыныштың жарқын көрінісі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар