Германия Украинаға жаңа әскери көмек пакетін жариялады, оның жалпы көлемі 1 млрд еуродан асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Германия канцлері Фридрих Мерц бұл туралы Киевке жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Жаңа пакетке Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын қару-жарақ, жауынгерлік дрондар және спутниктік жабдықтар жеткізу, сондай-ақ ұстап қалушы дрондарды бірлесіп өндіру жобалары кіреді.
Берлин сонымен қатар Украинаға шамамен 350 млн еуро көлемінде энергетикалық қолдау көрсетпек. Бұл қаражат генераторлар, трансформаторлық қосалқы станциялар және соққыдан зақымданған энергетикалық нысандарды қалпына келтіруге қажетті жабдықтарды сатып алуға бағытталады. Осы көмекті қоса есептегенде, Германияның жаңа қолдау пакетінің жалпы көлемі шамамен 1,35 млрд еуроны құрайды.
Мерц Германияның Украинаға әскери және азаматтық қолдауды жалғастыратынын айтты. Оның сөзінше, екі ел қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен өндірісті дамытуға ниетті.
Атап айтқанда, Германия мен Украина дрондар, 1000 шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын зымырандар және спутниктік технологиялар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Германия канцлерінің сапары барысында 15 келісім мен басқа да құжатқа қол қойылған. Олардың жалпы құны 8,5 млрд еуродан асады.
Германия Украинаға әскери көмек көрсетіп отырған Еуропадағы негізгі мемлекеттердің бірі саналады. Жаңа пакет Киевке энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар күшейген және қыс маусымы жақындаған кезеңде жарияланды.