Германиядағы күрделі экономикалық жағдайға байланысты Бундестаг депутаттары өздеріне қарастырылған жалақы өсімінен бас тартуы мүмкін. Бұл туралы dpa агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақпаратқа сәйкес, елдегі билеуші коалиция құрамындағы партиялар депутаттық төлемдерді биылғы 1 шілдеден бастап арттырмау туралы заң жобасын парламент қарауына енгізбек. Құжат 11 маусым күні өтетін отырыстың күн тәртібіне енгізілген.
Мұндай шешімнің басты мақсаты – экономикалық қиындықтар жағдайында халықпен бірге үнемдеу шараларына дайын екенін көрсету.
Бұған дейін қолданыстағы заңға сәйкес, Бундестагтағы 630 депутаттың ай сайынғы төлемі шамамен 500 еуроға өсуі тиіс болатын. Егер өсім күшіне енсе, депутаттардың айлық төлемі 12 330 еуроға жетер еді.
Билеуші партиялардың өкілдері қазіргі бюджет пен экономикаға түсіп отырған қысым жағдайында құрылымдық реформалар қажет екенін айтады. Ал мұндай реформалар азаматтарға қосымша жүктеме түсіруі мүмкін болғандықтан, депутаттар да үнемдеу шараларына өз үлесін қосуы тиіс деп санайды.
Депутаттардың жалақысын көтеруге оппозиция да қарсы шықты. Атап айтқанда, «Жасылдар», «Германия үшін балама» және Солшыл партия өкілдері төлемдерді арттырмауды қолдайды.
YouGov зерттеу институты мамыр айында жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 85 пайызы депутаттардың жалақысын көтеруге қарсы екенін білдірген.
Германияда депутаттардың төлемі 2014 жылдан бері қолданыстағы заңға сәйкес елдегі орташа жалақы өсіміне байланысты автоматты түрде қайта есептеліп келеді. Өткен жылы бұл механизм қазіргі парламенттің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін ұзартылған болатын.
Федеративтік Германия Республикасының тарихында депутаттардың төлемі тек бір рет – 2021 жылы коронавирус пандемиясы кезінде төмендетілген. Ол кезде ел тұрғындарының номиналды табысы азайған. Ал 2020 жылы депутаттар пандемияға байланысты жалақы өсімінен өз еркімен бас тартқан еді.
Соңғы рет Бундестаг депутаттарының төлемі 2025 жылғы 1 шілдеде шамамен 600 еуроға көбейтілген болатын.