Ғалымдар Жер халқын 4 млрд адамға дейін азайтуды ұсынды

Ғалымдар Жер халқын 4 млрд адамға дейін азайтуды ұсынды
pixabay.com

Ғалымдар Жер халқының санын 2200 жылға қарай шамамен 4 млрд адамға дейін табиғи жолмен қысқарту қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуы мүмкін деген сценарийді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зерттеу Sustainability ғылыми журналында жарияланған. Авторлардың пікірінше, халық санының біртіндеп азаюы көмірқышқыл газы шығарындыларын, энергия тұтынуды, табиғи ресурстарды пайдалануды және пластик өндірісін төмендетуге ықпал етуі мүмкін. 

Сонымен қатар зерттеу авторлары мәселе тек халық санына ғана емес, әр адамның тұтыну деңгейіне де байланысты екенін атап өткен. Олардың пікірінше, экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін шамадан тыс тұтынуды қысқарту да маңызды. 

Ғалымдар сөз болып отырған сценарийдің мәжбүрлі туу шектеулерін қарастырмайтынын ерекше атап өтті. Олар әйелдердің білім алуына, отбасын жоспарлау қызметтеріне және контрацепцияға қолжетімділікті кеңейтуді ұсынады. Бұл адамдарға бала санын өз еркімен жоспарлауға мүмкіндік береді. 

Зерттеуде 4 млрд адам көрсеткіші ғылыми тұрғыдан белгіленген шекті меже емес екені айтылған. Авторлар мұны XXI ғасырдың соңынан кейінгі кезеңге арналған ықтимал ұзақ мерзімді сценарийлердің бірі ретінде қарастырады. 

Сонымен бірге бұл тұжырым ғылыми ортада пікірталас тудырды. Сыншылар халық санының айтарлықтай қысқаруы еңбек ресурстарының азаюына, халықтың қартаюына және зейнетақы мен денсаулық сақтау жүйесіне қосымша салмақ түсуіне әкелуі мүмкін екенін алға тартады.