Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойы ерекше сән-салтанатпен аталып, мерекелік күн гала-концертпен қорытындыланды. Орталық алаңға 15 мыңнан астам халық жиналды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Кешкі бағдарламада қазақстандық эстраданың жарқын жұлдыздары — Мирас Жүгінісов, «Bellucci» және «Skillz» топтары, DJ NURBOOGIE мен Дана Кентай сахнаға шығып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен би мерекелік алаңды шаттыққа бөлеп, тұрғындар әншілермен бірге қосылып, думанды кештің көркін қыздырды.
Сонымен қатар концерт барысында қала халқы мен қонақтары үшін қызықты конкурстар ұйымдастырылып, 50-ге тарта сыйлық таратылды. Олардың қатарында «Alatau visit» орталығының тақырыптық арнайы сый-сияпаттары, «ASP ARENA» ойын-сауық кешенінің, «Arystan gym» фитнес орталығының және «Del Mare» демалыс аймағының сертификаттары болды.
Алаңға жиналған жұрт мерекелік көңіл күйге бөленіп, ортақ қуанышпен бөлісті. Қонаев қаласының тұрғындары үшін бұл мерекелік кеш бірлік пен шаттықтың айқын көрінісіне айналды.
Гала-концерт әсем отшашумен қорытындыланып, түнгі аспанды түрлі түсті шамдармен көмкерді. Көрермендердің ыстық ықыласы мен шат-шадыман көңіл күйі мерекенің шынайы рухын айшықтай түсті.