Оның айтуынша, жақсылы-жаманды халықпен "халықтық" диалог жасауға тырысып жүрген әкімдердің бірі осы – Ғабидолла.
"Диалог жасаудан бұрын жалпы, қателесуден қорықпайтын еді. Иә, біраз жерде "әдеби ляптары" жоқ емес. Оның үстіне, ол сөйлей алмасаң саяси карьераң да тұманды болар Лондонның емес, Шымкенттің әкімі ғой.
Біздің елде әлі саяси шешендік деген атымен жоқ қой. Ал, үндемегендіктерінен үйдей комментарийден құтылған күйі атын естімеген қаншама әкім жүр бұл елде", – дейді ол.
Оның пікірінше Әбдірақымовтың Лондондағы оқиғадан кейін сынға ұшырауы қалыпты нәрсе. Халық болғасын шенеунікті талқылау, әжуалау, ұрсу қатар жүреді. Бұл ашық қоғамның дағдысы.
Оның үстіне халықтың сүйіктісіне деген сүйіспеншілігі де қазіргі уақытта тым құбылмалы. Бүгін мақтап отырса, ертең даттап отыруы ғажап емес.
"Бірақ, Ғабидолланы ұнатпаймын деген шымкенттік кемде-кем", – дейді блогер.
Оның сөзінше Әбдірақымовтың тұсында Шымкент жастар қаласына айналды. Қаланың имиджі керемет көтерілді. Соның негізінде заманға сай көш ілгері дамып жатқан қалаға айналды.
"Бұрындары жұрт Шымкентке келуге қорқатын. Қазір ешкімнің қорқып, я тұрғындарын "шымкенттік" деп бөліп жатқанын көріп жүргем жоқ. Ғабидолла қала өміріне, тұрғындарына трендтер бере білді. Жұмыс та тоқтап қалған жоқ, меніңше. Шымкенттен Ғабидолла бірінші рет кетіп, келгенге дейінгі әкім ешкімнің есінде жоқ. Жалпы, Шымкентте болған Ғабидолладан басқа әкімдердің аты көбінің есінде жоқ. Болған ба еді, өзі? Ғабидолла біздің өз Ғайса Мәсіхіміз. Римдіктердің біздің Ғайсаны қудалауға қақы жоқ. Өз Ғайсамызды тек өзіміз қалаған уақытта өлтіреміз...
Жалпы, білмедім, өзім үшін Ғабидолланы кетіру қате қадам боп көрінді. Шымкентке өзі сияқты динамикаға толы әкім керек", – деп түйіндепті сөзін Садық Шерімбек.